11 қаң, 2023 сағат 15:12

Кенесары ханның сүйегін ұлттық пантеонда жерлеу керек – Бақытбек Смағұл

Фото: aikyn.kz / А.Ахметқазы

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Кенесары ханның бассүйегі мен мылтығы Мәскеу мұражайында екенін мәлімдеді. Депутат оларды Қазақстанға қайтару керектігін айтып, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа осы мәселеде қолдау көрсету туралы сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Хан Кене аз уақытқа болса да, барлық үш жүзді біріктіріп, хандықты, яғни қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіре алды. Көптеген зерттеуші елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтірудегі Кенесарының ерекше рөлін атап өтті. Оған патша әкімшілігінің өкілдері де құрметпен қарап, оны «Қазақ даласының Митридаты», «ержүрек батыр» деп атаған. Кенесары Қасымұлының ұлағатты өмірі, жанқиярлық ерлігі, елге адал қызметі үлгісінде қазақ батырларының бірнеше ұрпағы, XX ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыс көшбасшылары тәрбиеленді», - деді депутат.

Оның сөзінше, қазір Кенесары ханның бас сүйегі мен мылтығы Мәскеудегі этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұр.

«2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия және мамандар Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық, мұражайлық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бас сүйек Кенесары ханның бас сүйегі екені (сәйкестік 90%-дан жоғары) анықталды», - деді Бақытбек Смағұл.

Осы орайда депутат Кенесары ханның бассүйегін елге қайтаруды сұрады.

«Құрметті Әлихан Асханұлы, Кенесары ханның туғанына 220 жыл және Ұлы ханымыз бастаған көтеріліске 185 жыл толуын, мұның ұлттық тарихтағы маңызды орнын ескере отырып, сонымен қатар Әділетті Қазақстанда тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында Сізден Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтару мәселесінде қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Хан сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық мұражайға тапсыруды ұсынамын. Бұл шара ел рухының асқақтауына, отаншылдықтың күшеюіне және ел астанасындағы туризмнің дамуына ықпал етері сөзсіз», - деді ол.