Фото: 2gis.kz
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселелердің бірі - тұрғын үй тақырыбына тоқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Айтайын дегенім, тұрғындар сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үйлерді жекешелендіру мәселесін жиі көтереді. Расында, арендалық үйлердің саны кемінде 40 мыңнан асады.
Депутаттардың бастамасымен бұл мәселе шешімін тауып отыр. Қазір “Тұрғын үй саясаты туралы” заң жобасын жан-жақты талқылап жатырмыз және бұл заңды біздің комитет жүргізеді (Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті).
Жалпы, республика бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны 640 мыңнан асады" - деп жазды депутат.
Оның айтуынша, 2023 жылы кезекте тұрған 8209 адам пәтерлі болды. Сондықтан үй әсіресе аймақтарда көптеп салынуға тиіс.
"Президенттің тапсырмасымен 2029 жылдың соңына дейін 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу бойынша кешенді шаралар қабылданды.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді, оның шеңберінде мұқтаж азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. “7-20-25” ипотекалық бағдарламасы 2029 жылға дейін ұзартылды, оны іске асыруға жыл сайын шамамен 100 млрд теңге көзделген. Сондай-ақ, келесі жылы үй кезегіне тұрудың бірыңғай базасы жасалады.
Үлескерлердің де мәселесі өзекті. Құрылыс компанияларына қойылатын талапты да қатаңдатамыз. Қазір құрылыс кодексі әзірленіп жатыр" - деп жазды Мақсат Толықбай.