Кедендік әкімшілендіруді күшейту есебінен республикалық бюджетке қосымша шамамен 150 млрд теңге түседі. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеден саласын тәртіпке келтіру мақсатында жедел және жүйелі іс-шаралар қабылдануда. Оның ішінде әсіресе цифрландыру басым бағыт болады. Жедел іс-шаралар бөлігінде декларацияларды бақылау және шығару жөніндегі кедендік функциялар орталықтандырылды. 9 уәкілетті экономикалық операторға және басқа да ірі импорттаушыларға қатысты тексерулер аяқталып қалды. Шекарадағы электрондық кезек жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Уәкілетті экономикалық операторларға қойылатын біліктілік талаптары заңнамалық түрде күшейтілетін болады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, жүйелі шаралар аясында АСТАНА-1 және Е-терезе ақпараттық жүйелері жетілдірілуде. Тәуекелдерді басқару жүйесіне субъектіге бағдарланған тәсіл және деректерді интеллектуалды талдау енгізіледі. Электрондық шот-фактуралар негізінде тауарларды қадағалау жүйесін одан әрі дамыту жүргізіліп жатыр.
«Бұл импорттан бастап тұтынушыға дейінгі барлық өткізу тізбегі бойынша салықтық бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа ҚХР-мен кедендік статистиканың алшақтығын төмендету, сондай-ақ кедендік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша кешенді іс-шаралар қабылданып жатыр. Жалпы, биылғы жылы кедендік әкімшілендіруді күшейту есебінен республикалық бюджетке қосымша шамамен 150 млрд теңге түседі деп жоспарлануда. Бұл жұмыс жете бақылауға алынған», - деді Ерұлан Жамаубаев.