ҚДБ басшысы Абай Сарқұловтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Жалғыз акционердің ("Бәйтерек" ҰБХ» АҚ) 24.01.2022 жылғы шешімімен Абай Сарқұловтың "Қазақстанның даму банкі" АҚ (бұдан әрі – ҚДБ, Банк) басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. 25.01.2022 жылдан бастап ҚДБ басшысының міндетін атқарушы болып бұған дейін Банк басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Сандуғаш Кенжебаева тағайындалды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, Президент Тоқаев Қазақстанның Даму банкі элитаның жеке банкіне айналғанын айтқан болатын.
Абай Сарқұлов 1981 жылы 13 тамызда Ақтөбе облысында дүниеге келген.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің түлегі. Мамандығы - банк ісі. Банктегі қызметін 2007 жылы инфрақұрылымдық жобаларды кредиттеу басқармасының менеджерінен бастаған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ атқарушы органын басқарды. 2019 жылы ҚДБ Басқармасының төрағасы ретінде тағайындалып, бұл лауазымда ол Болат Жәмішевтің орнына келді.
25 қаңтардан бастап Сандуғаш Кенжебаева ҚДБ басшысының міндетін атқарады, ол бұған дейін Банк Басқармасы төрағасының орынбасары болған.
Айта кетейік, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) - 2001 жылы құрылған Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту және дамыту жөніндегі ұлттық даму институты.