«Самұрық-Қазына» қоры құрамындағы 40 кәсіпорын жекешелендіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде айтты.
«Биыл және келесі жылы ҚазМұнайГаз, Эйр-Астана, Қазақгаз сияқты компанияларды IPO-ға шығару жоспарланып отыр.
Жалпы, осы кезеңде «Самұрық-Қазына» холдингінің шамамен 40 кәсіпорынын жекешелендіру жоспарда бар. Олардың тізімі жақын арада ашық көздерде жарияланады», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің айтуына қарағанда, Президент тапсырмасының аясында «Самұрық-Қазына» қорының тиімділігі мен ашықтығын арттыру, отандық бизнесті ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар арқылы қолдау шараларын қызметін реформалаудың жолдары әзірленіп жатыр.
«Қор экономиканың басым бағыттағы салаларына мемлекет атынан жұмыс істейтін серіктес ретінде жеке инвестицияларды тартуға ықпал ететін болады», - деді Әлихан Смайылов.