01 нау, 2022 сағат 11:34

Қазір теңге сатып, доллар алған дұрыс па? Сарапшылар айтты


Қазақстандық экономистер мен қаржыгерлер "Теңгенің құлдырауын Ұлттық банк тежеп қала ала ма" деген сұраққа жауап берді және қазақстандықтарға кеңес айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қаржы талдаушысы Андрей Чеботарев Ұлттық банктің теңге бағамын тұрақтандыру жөніндегі іс-әрекетін оң бағалауға болатынын айтты. Валюта бойынша сауда-саттықтың неғұрлым кеш уақытқа ауыстырылуы теңгеден Ресей экономикасына жасалған қысым мен санкциялардан болатын бірінші соққының ауыртпалығын жеңілдетті. 

"Демалыс күндері енгізілген санкцияларды ескере отырып, сауда-саттық рубльмен емес, теңгемен басталса, біздің валюта алғашқы ауыр соққыны қабылдайтын еді. Уақыт бойынша біздің биржадағы сауда-саттық Мәскеу биржасына қарағанда үш сағат бұрын басталуы керек еді, бірақ олар 15:00-де ашылды. Нәтижесінде бірінші соққы рубльге тиді, ал біз жаппай теңге сатып алудан аулақ болдық. Бүгін саудада бір доллар үшін 550, 570, тіпті 600 теңге белгілеген банктер болды, бірақ біз орташа өлшегенде бағам 495 теңге деңгейінде қалғанын және Ұлттық банк іс-әрекетінде өзінің тиімділігін көрсеткенін көріп отырмыз", - деді Чеботарев.

Ол қазір бағаның өсуінен қорқып, тұрмыстық техника немесе көлікті сатып алу-алмауды әркім өзі шешетінін айтты. 

"Баға өсіп, қазір бір нәрсе сатып алу арқылы жақсы жеңілдік алуыңыз мүмкін. Алайда несиеге жаппай валюта алуға кеңес бермес едім, өйткені қарызға батып кете аласыз", - деді қаржы сарапшысы.

Экономист және AERC бас директоры Жәнібек Айғазин ұлттық валютаға қатысты жағдай Ұлттық банктің бақылауында және қаржы реттеушісі сыртқы факторларды ескере отырып, бағамға әсер етеді деп санайды.

"KASE бағамы 495 теңге деңгейінде белгіленді, бұл ретте сауда-саттық көлемінің 62 пайызы (жалпы сауда 160 миллион долларға) Ұлттық банктің интервенциялары есебінен қамтамасыз етілді. Ұлттық банк бағамды төменірек қоя алатын еді, бірақ реттеуші Форекс бағамы мен кросс-бағам рубль/теңге сияқты басқа да факторларға қарап отыр. Осы факторларға сәйкес 1 доллар 500 теңге шамасында сақталады", - деді Айғазин.

AERC бас директоры рубль күрт құлдырап, онымен байланысты теңге де арзандаса үрейден аулақ болу керек екенін айтты. Экономистің сөзінше, әйтпесе Ұлттық банк валюталық сауда-саттықты бірнеше күнге тоқтата тұруы қажет.

"Қазір көп кәсіпорын ақшасын долларға айырбастап алды, тіпті айналым қаражатын ауыстырды, өйткені бізде ішкі айырбастауға шектеулер жоқ. Қазір барлығы валютамен отырады, ал егер олар осы валютаны өткізе бастаса, бағам тұрақтануы мүмкін және бір долларға 500 теңге болмайды. Ең бастысы, дүрбелең болмауы керек. Сауда-саттықта бағам қайта стратосфераға ұшса, валюталық операцияларды бір-екі күнге тоқтату керек. Бұл экономикалық себептерге байланысты", - деді Жәнібек Айғазин.