10 қар, 2022 сағат 12:09

Казиноға барған әскери қызметшілер тергеліп жатыр – Қорғаныс министрі


Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов казино ойнаған әскери қызметшілерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бас прокуратура жариялаған тізімде 95 әскери қызметші бар. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде тізімге іліккен әрбір әскери қызметшінің аты-жөні белгілі. Қызметтік тергеу басталды. Соның нәтижесінде тиісті шешім қабылданады.

"Мен тергеу қорытындысы бойынша олардың әскери қызметті жалғастыруына қатысты шешім қабылдаймын. Бірақ алдымен тергеудің нәтижесі шықсын. Бізде бәрі бар. Қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Олардың барлығы – орта құрамға кіретін әскери қызметшілер. Жоғары құрам жоқ, уақыты да жоқ, өйткені бәріміз ылғи далада жүреміз", - деді Жақсылықов Cенат кулуарында.

Министрдің сөзіне қарағанда, казиноға барған әскери қызметшілер көп ақша ұтылмаған. Олар ойын-сауық мекемесіне білместіктен баруы мүмкін. Қорғаныс министрлігі алдағы уақытта әскери қызметшілер арасында отбасылық бюджетті жоспарлау және жүргізу бойынша оқыту курстарын өткізуді жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы тексеру жүргізіп, 305 қазақстандық шенеунік ойынханада 507 миллион теңге жұмсағанын анықтады. Тексеру қорытындысы құзырлы органдарға тапсырылған болатын.

Анықталған мемлекеттік қызметшілер арасында:

Ішкі істер министрлігі - 97;

Қорғаныс министрлігі - 95;

Қаржы министрлігі - 25;

Жоғарғы Сот - 7;

Қаржы мониторингі органдары - 15;

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдары - 3;

әкімдіктер - 36;

басқа да мемлекеттік органдар - 27.