22 қаң, 2022 сағат 01:10

Қазақстанның Сыртқы істер министрі БҰҰ өкілдерімен кездесулер өткізді


Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Швейцарияға жұмыс сапары барысында БҰҰ-ның Женева бөлімшесінде болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының орынбасары Нада Әл-Нашиф және Адам құқықтары жөніндегі кеңестің қазіргі төрағасы - Аргентинаның БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Федерико Вильегаспен кездесулері өтті.

М.Тілеуберді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен (АҚЖКБ) өзара іс-қимыл Қазақстан үшін БҰҰ жүйесі ұйымдарымен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті. 

Қазақстан АҚЖКБ-ны адам құқықтарын сақтау және қорғау саласында жаһандық, өңірлік және ұлттық деңгейлерде БҰҰ құндылықтары мен мақсаттарын қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жетекші халықаралық агенттік ретінде қарастырады.


Осыған байланысты, қазақстандық тарап АҚЖКБ-нің адам құқықтары саласында жүргізіп жатқан қызметін жоғары бағалай және қолдай отырып, өзінің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне 2022-2024 жылдарға мүшелігінің басымдығын және БҰҰ АҚК басқа қатысушыларымен іс-қимылдарды үйлестіруді атап өтті.

Сондай-ақ, Министр Қазақстандағы соңғы оқиғалардың себептері мен салдары, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдегі қалыпты тіршілік әрекетін қалпына келтіру бойынша мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті. Қазақстан билігі мұқият және толыққанды тергеу жүргізіп, оның нәтижелері әлемдік қоғамдастыққа ұсынылатындығы атап өтілді.


Келіссөздер барысында Қазақстанның адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы өзінің халықаралық міндеттемелері мен әмбебап қағидаттарын ұстанатыны ерекше атап өтілді. 

Қазақстан Президентінің нұсқауларына сәйкес, ел одан әрі саяси жаңғырту, экономиканың ашықтығы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытынан айнымайды. Жаңа Қазақстанның күн тәртібі қазақстандықтардың қауіпсіз әрі сапалы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыс орнатуға келісті.