Қазақстандық медициналық ұйымдардың 70% ұлттық аккредитация талаптарына сай емес.
Бұл туралы ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Қазақстандағы аккредитациялау ұлттық жүйесі 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл жүйені Денсаулық сақтау сапасы бойынша халықаралық қауымдастық мойындаған.
«Біз ауруханалар мен емханалардың жұмыс тәртібі мен стандарттарын ойластырдық және бұл стандарттарды ағылшын тіліне аударып, 4 жылға халықаралық сертификат алдық. Осылайша, 2009 жылдан бері үш рет аккредитация стандарттарын бекіттік. Қазір 2018 жылы бекітілген стандарттар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда ауруханаларға, емханаларға және медициналық ұйымдарға жертөледен шатырға дейін, медбикенің дәріні әзірлеуі, дәрігердің ем тағайындауы бойынша 500-ден астам талап қойылады», - деді Айнұр Айыпханова Республикалық денсаулық сақтау орталығында өткен кездесуде.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы мемлекеттен қаражат алатын отандық медициналық ұйымдардың 30% ғана ұлттық аккредитациядан өткен.
«Бұл қалған 70% дайын еместігін немесе стандартқа сай келмейтіндігін көрсетеді. 2018 жылы аккредитация талаптары тағы көтерілді және көптеген ұйымдар сынақтан өтпей қалды. Мәселен, биыл әрбір бесінші ұйым аккредитациядан өтпей қалды. Олардың дайындығы төмен болды және барлық талаптарға сай бола алмады. Біздің аккредитация үш санатта беріледі: жоғары санатта Қазақстанда 10 ұйым ғана бар. Олардың арасында астаналық UMC, Шымкенттегі облыстық аурухана бар. Бұл ұйымдар стандарттарды барынша сапалы енгізіп, дәрігерлер мен медбикелердің қызметін дұрыс ұйымдастыра білді», - деп атап өтті орталық басшысы.
Әзірге ұлттық аккредитациялық жүйе ерікті болып саналады және министрлік 2024-2025 жылға қарай міндеттеу үшін уақыт беруді ұсынып отыр.
«Мемлекеттен ақша алғың келсе - науқас үшін қауіпсіз, сапалы орта жаса. Оның үстіне, мекеме Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қаражат алса, барлық талаптарға сай болуы тиіс. Біздің жүйені әлем мойындады. Сапа бойынша халықаралық қауымдастық АҚШ-тағы JCI, «Accreditation Canada» сынды 20 ұйымды ғана аккредиттеген. Сол тізімде Қазақстанның Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы бар», - деді А. Айыпханова.