22 ақп, 2022 сағат 17:47

Қазақстанның курорттық аймақтарына ұшақ және пойыз рейстері көбейеді


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов алдағы туристік маусымда курорттық өңірлерге ұшақ және пойыз рейстерін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туристік логистиканың ыңғайлы әрі қолжетімді болуы халық үшін өте маңызды. Туристік маусым қарсаңында әуе және теміржол көлігіне сұраныс көбейетінін ескере отырып, осы мәселеде халықтың толық қажеттілігін қамтамасыз ету қажет», - деді Ералы Тоғжанов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің туризм саласы бойынша алқа мәжілісінде. 

Үкімет басшысының орынбасары бұл мәселенің курорттық аймақтарға да қатысты екенін атап өтті.

«Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен және облыс әкімдіктерімен, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп, жылжымалы состав санын ұлғайтып, елордадан Алматы қаласына, курорттық аймақтарға, Алакөлге пойыздардың күн сайын жүруін қамтамасыз ету мәселесін пысықтауы қажет. Сондай-ақ, Ақтау, Түркістан, Үшарал қалаларының, Үржар ауылының әуежайларына әуе рейстерінің санын арттыру мәселесін пысықтауды тапсырамын», - деді Ералы Тоғжанов.