01 ақп, 2022 сағат 10:51

Қазақстанның бірқатар өңірінде табиғи газ арзандады


Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) бағаларды сараптау нәтижесінде Қазақстан өңірлерінің басым бөлігінде газ бағасын төмендетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті барлық газдандырылған өңірдегі "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ тұтынушылары үшін газ бағасына сараптама жүргізуге бастама жасағанын хабарлады. 2021 жылғы қыркүйектің аяғында тарифтік органның сұрауы бойынша "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ сараптамаға қажетті құжаттарды тапсырған.

ТМРК баға сараптамасының қорытындысы бойынша "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-тың жеткізу үстемеақысын еліміздің барлық газдандырылған өңірінде 15 пайыздан (Шығыс Қазақстан облысы) 50,63 пайызға (Атырау облысы) төмендеткен.

Комитет мәліметінше, тұтынушылар үшін газдың бағасы 70-80 пайызға Энергетика министрлігі бекітетін көтерме бағаға байланысты, ал табиғи газ бағасының қалған бөлігі тасымалдау қызметтері мен ТМРК реттейтін газды өткізу шығындарынан тұрады.

Жабдықтау үстемесін төмендету жұмыстары нәтижесінде комитет тұтынушылар үшін тауарлық газдың түпкілікті шекті бағаларын 0,34-тен 38,96 пайызға дейін төмендеткен.

Төмендетілген бағалар 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап күшіне енеді.