Фото: Нұрлан Құлбаевтың жеке мұрағатынан
Араб каллиграфиясымен жазу – сол тарихымыздың ғасырлар бойы жалғасқан бір кезеңін білдіреді. Маңғыстау өңірінде ХХ ғасырға дейінгі ескерткіштердің басым көпшілігі осы жазумен бедерленген. Бұл сұхбатта зерттеуші Нұрлан Құлбаев Ult.kz тілшісіне тастағы жазулардың тарихи маңызы мен олардың қазақ мәдениетіндегі орнын кеңінен баяндап берді.
Ол Маңғыстау өңіріндегі араб каллиграфиясымен жазылған құлпытастар мен ескерткіштерді зерттеу барысында жинақтаған тәжірибесімен бөліседі. Зерттеу жұмысы арқылы ол қазақ даласында XIX ғасырдан бастап жазбалардың қазақ тілінде жазыла бастағанын, ал оған дейінгі кезеңде жазу тілінің өзбек, татар, түрікмен, араб және парсы элементтерімен аралас болғанын дәлелдеген.
– Нұрлан Абызұлы, Маңғыстауды «аспан астындағы мұражай» дейміз. Өлкедегі бүкіл тарихи, табиғи, сәулет және археологиялық ескерткіштерді анықтау, алдын ала есепке қою, ғылыми-зерттеу, мемлекеттік қорғауға алу, техникалық жағдайын тексеру, инвентарлық нөмірлерін жаңғырту, құжаттарын толықтыру, қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, қорғау, сақтау, ағарту, насихаттау – өзіңіз басқарып отырған «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ-нің құзыретінде. Жалпы Маңғыстаудағы тарихи орындар мен ескерткіштер туралы қысқаша таныстырып өтсеңіз?
– 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы 18 сәуір - Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні ретінде белгілеген. 1984 жылдан бастап ЮНЕСКО құрамындағы 65 елде, соның ішінде біздің елімізде де шартты түрде жыл сайын атап өтіледі.
Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай «Маңғыстау – әрбір бедері, ғажайып таулы тасы ақиқатты аңызға толы, тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке». Маңғыстау түбегі – бұл тек табиғи байлықтың қоймасы ғана емес. Оның аумағында тас дәуірінен бастап қазіргі кезімізге дейінгі уақыт ішінде халық сәулетшілері салған бірегей тарихи, сәулет ескерткіштері шоғырланған, олардың көпшілігіне бүкіл Еуразияда теңдесі жоқ.
Облыс аумағындағы тарихи-сәулет және археологиялық ескерткіштерді ғылыми зерттеу, мемлекеттік қорғауға алу, оларды насихаттау, қорғау-сақтау мақсатында 1980 жылы «Маңғыстау мен Үстірт материалдық мәдениеті ескерткіштерінің мұражай-қорығы» құрылған. 1992 жылдан бастап бұл мемлекеттік мекеме «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» деп аталады. Биыл “Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы” мемлекеттік мекемесіне биыл 45 жыл толып отыр.
Қазiргi таңда Маңғыстау облысы бойынша 590 тарих және мәдениет ескерткiші мемлекеттiк тізімге енгізілген, оның iшiнде 20 ескерткіштің республикалық маңызы бар. Олар 350 археологиялық нысандар – тас дәуiрiнiң елдi мекендерiнiң орындары, қола және темiр дәуiрiнiң дiни-қабiрлеу кешендерi, орта ғасырлық Ұлы Жiбек жолындағы қалалар, бекіністер, керуен-сарайлар, сондай-ақ, үлкен-кіші сәулет туындылары шоғырланған 176 ансамбльді кешендер мен 64 сәулет және қала құрылысының ескерткіштері. Бұған қоса 900-ге жуық тарихи-мәдени мұра объектілері алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.
2021 жылы «Маңғыстау түбегінің жерасты мешіттері» деген атаумен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраларының алдын-ала тізіміне Оғланды жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті, Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата және Сұлтан-үпі жерасты мешіттері енгізілген. Сондай-ақ, бұл тізімге «Жібек жолы: Еділ-Каспий маңы аралық коридор» сериялық трансұлттық номинациясы шеңберінде орта ғасырлық Сарайшық, Жайық қалашықтарымен қатар Маңғыстаудағы «Қызылқала қалашығы» да енгізілген.
– Маңғыстаудағы тарихи орындарға келушілердің сұранысы қандай? Қай маусымда туристер саны арта түседі?
– Маңғыстау – елімізде туристік саланы дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ. Бұл жер шөл даланың керемет ландшафтарының барлық түрін, қарт Каспийдің көкшіл суы мен шексіз құмды жағажайын, көшпелі сәулет өнерінің жарқын да, қайталанбастай үлгілерін, қазақтың алғашқы қауымдық дәстүрлі мәдениетін өзіне сіңіріп алған. Киелі жерлер немесе рухани қасиетті орындар – халықтың рухани дәстүрінің тірегі, ерекше қастерленетін табиғи жерлер, діни сәулеттің айрықша қастерлі ескерткіштері, кесенелер, халық жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар да бар. Алдағы уақытта, осы «киелі белдеудің» объектілері туризм индустриясы үшін өрлеу нүктесіне айналуы тиіс.
Облыстағы сакралды нысандармен қатар, Шерқала, Бозжыра, Тұзбайыр, Ыбықты сайы, Торыш конкрециялық тастары тәрізді ерекше қастерленетін табиғи орындарғаалыс-жақын шетелдерден келетін туристер мен қонақтардың саныкүн санап артып келеді.Туристік бағытта орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге жылдың көктем, жаз және күз мезгілдерінің барлық уақыттарында да сұраныстар тоқтаған емес. Олар облыстағы туристік қызмет көрсететін ұйымдар арқылы өз жолдарымен бара береді, кейде тарихи-мәдени қорықтың мамандарына гид-экскурсовод қажеттігін айтып, хабарласып жатады, көпшілік киелі орындарда келушілерге қоғамдық қорлар шырақшылық қызметін көрсетіп отыр.
Осы орайда, рухани мұрамызға сүйене отырып, ішкі мәдени және зиярат ету туризмін дамыту мен қолдауды қажет етеді. Тарихи-мәдени қорық мекемесі облыстағы киелі орындар туралы 3 тілдегі мәліметтер мен фотосуреттерге қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Маңғыстаудың киелі орындары» интерактивті картасы - mangystau.inmap.kz сайты жасақталып, қолданысқа енгізілді. Қасиетті нысандардың 3D виртуалды турлары дайындалды, QR-код логотипті тақташалары орнатылды және QR-MANGYSTAUмобильдік қосымша бағдарламасы жасақталып қолданысқа енгізілді, 3 тілде қызмет көрсететін мобильдік қосымшаны кез-келген андроид және айфон қолданушысы PlayМаркетнемесе AppStorе қосымшаларынанжүктеп алуға болады, интернет жоқ жерде де жұмыс жасай береді. Яғни, ескерткішке келуші QR бағдарламасы арқылы ұялы телефонмен объект басында экскурсовод қызметінсіз, ескерткішке қатысты ақпаратты сол жерде-ақ ала алады. Сондай-ақ, киелі орындарды кеңінен танымал ету бағытында туристерге арналған 3 тілдегі жарнамалық бейне-роликтер дайындалды. Олардың барлығын фэйсбук, инстаграм желілеріндегі «Маңғыстаудың киелі орындары» деген парақшамыздан тамашалай аласыздар.
Туристік бағыттарда орналасқан киелі нысандарымыз бойынша туристік
визит орталықтарын ашу, инфрақұрылымды
дамыту тәрізді үлкен жобалармен қатар, олардың
тарихи-көркемдік құндылығына нұқсан келтірмей қазіргі заманға сай пайдаланылуы
үшін абаттандыру-көркейту жұмыстарын жүргізуді де қажет етеді, санитарлық
нормаларға сай дәретханалар салу, қоқыс салатын
контейнерлер орнату және оларды уақытында босатып тазалап тұру, автокөліктер
тоқтайтын алаңдар жасау, жаяу жүргіншілерге
арналған шағын жолдар мен дем алатын беседкалар жасау, т.б. Сондай-ақ, туристік нысан болып
табылатын бұл орындарды толыққанды интернет желісімен қамтамасыз ету қажет
болып отыр (Kcell,
Tele-2, Beeline ұялы байланыс желілерін
қосу және мобильді интернет қызметтерімен қамтамасыз ету).
– Былайғы жұрт сізді араб калиграфиясымен жазылған тастардағы, соның ішінде құлпытастардағы төте жазуларды оқитын аз адамның бірі ретінде біледі. Өзіңіз оны қалай оқып кеттіңіз? Арабша қара таныған ба едіңіз?Жалпы тастағы көне жазуларды оқығанда, қандай ерекшелікті байқайсыз?
– Мен мектеп оқып жүргенде 6-сыныпта ауылдың молдасынан әптиек (араб грамматикасы бойынша әліппе) оқып үйренгенмін. Одан әрі өзім кітаптардан оқып, білімімді жетілдіріп отырамын. Кейін 2006 ж. осы Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығына маман болып келіп, ескерткіштер мен құлпытастардағы араб графикалы жазуларды оқып, тәжірибе жүзінде де қолданып, аударма жасап бастадым.
Соңғы жылдарда жұртшылық тарапынан өңірлерде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге деген қызығушылық күрт өсіп кеткені белгілі. Өлке тарихын жүйелі түрде зерделеп, көне шежірелерге, тарихи жәдігерлерге ғылыми негізде зейін қоюшы жұрттың талғамы да тереңдеді. Осы орайда, шығыстанушы ғалым,сопылық рухани мұраларды зерттеуші Әшірбек Муминовпен бірлесе отырып,Сисем ата қорымындағы қабірүсті ескерткіштеріндегі жазуларды зерттеп, эпитафиялық мәтіндері аударылған құнды еңбек жарыққа шығарылды. Сонымен қатар, өзімнің төл туындым болып саналатын «Арал-Каспий аралығы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалы мәтіндердің анықтамалығы»атты кітаптың алғашқы томы шығарылып, көпшіліктің қолдануына берілген болатын. Эпиграфикалық жазбаларды жарыққа шығару, əсіресе, құлпытас жазбаларын жариялау əрқашан да маңызды, бұл жұмыстардың бір мақсаты бұл мəліметтер ата-бабаларымыздың əлеуметтік байланыстары мен мəдениеті туралы түсінігімізді байыта түседі. Эпиграфикалық дереккөздері арасында эпитафиялар өзіндікартықшылықтарымен ерекшеленеді, олар тас шеберлерінің есімдерін, сондай-ақ ескерткіштің салыну уақытын анықтауға мүмкіндік береді, қабірдің иесі туралы нақты мəліметтер жеткізеді, өмір сүрген жылдары, мекені, шығу тегі, шежіресі, тұлғаның басқа да өмірбаяндық тарихы, тарихи оқиғаларға қатысы туралы бірегей мəліметтерді қамтиды.Бұлдереккөздерді жарыққа шығаруда жергілікті тарихты жаңғыртуға да өзіндік үлесін қосады, əсіресе, олардан əлеуметтік жəне рулық байланыстарда кездеспейтін мəліметтерді таба аламыз.
Жалпы алғанда, құлпытастардағы эпитафиялар халықтың тарихын, мəдениетін жеткізетін, өткеннің өзіндік құжаты тəріздес жазба дереккөзі, белгілі бір дəуірдің бірегей құжаты тəріздес болып табылады. Басқа да жазба ескерткіштері тəрізді, эпитафия мəтіндері қашалып жазылған уақытындағы заманның өзіндік мөрі, айнасы тəріздес, тек сол мəтіннен зерттеуші өзіне қажетті мəліметті айырып ала білуі қажет, басқа да жазба дереккөздерімен салыстыра зерттеудің маңызы зор, тек эпиграф-ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар өз еңбектеріне пайдаланатын басқа салалық зерттеушілерге де кең көлемдегі тарихи тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді.
Маңғыстау ескерткіштерінде араб, парсы, көне түркі, көне қазақ тілдерінде араб графикасымен жазылған мәтіндердің түрлері кеңінен кездеседі. Тарихи кешендердегі ескерткіштер мəтінінің басым көпшілігі жазылған араб жазуынан ерте заманнан-ақ жергілікті тұрғындардың рухани өмірінің құрамдас бөлігіне айналғанын байқауымызға болады. Құлпытастарды салыстыра зерттеу нəтижесі араб жазуы эпитафиялық жазуда ХХ ғасырдың орта шеніне дейін пайдаланылып келген деген ұйғарым жасауға мүмкіндік берді. Құлпытас беттерінде осыншама ұзақ уақыт пайдаланылуының себебі, араб жазуы қазақ халқына мұсылман дінімен бірге келіп, ислам дінінің негізгі белгісі болған. Осылайша, даладағы құлпытастар дəстүрлі жазу мен сол заманғы тілді сақтаған көне қолжазба секілді болса, олар шоғырланған қорымдар маңызды құжаттар жиналған табиғи мұрағаттық қор болып табылады дегім келеді.
Өкінішке орай, қазіргі таңда жел, жауын-шашын тәрізді табиғи факторлардың теріс әсерінен тас беттеріндегі жазулар көрінбеуге айналған, осы орайда тарихи жазба мұраларымызды зерттеп, аудармаларын жасау, анализ жасап ғылыми айналымға енгізу, «Қазақстанның эпиграфикалық ескерткіштері» сериясын жалғастыру жұмыстары жүргізілуі қажет.
– Жалпы ұлттық руханият дегеніміз не? Ондағы археологияның, тарихи ескерткіштердің рөлі қандай?
– Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» № 288-VІ заңыбойынша тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғалатын аймақтарының шегінде жерді пайдалану режимін бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа алып келеді делінген. Ал, осы заңбұзушылыққа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 145-бабында заңбұзушы жеке тұлғаларға – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ғана айыппұл төлеу қарастырылған. Яғни, ескерткіштің қорғалуы тиіс аймағын бүлдіріп ол жерге құрылыс салған немесе өз бетімен ескерткішті реставрациялап тарихи құрылысы мен келбетіне нұқсан келтірген адам 36 920 тг төлеумен ғана шектеледі және ескерткішті немесе оның қорғау аймағын қалпына келтiруге ешқандай міндеттелмейді(тарихи-мәдени құндылықтарымыздың құны 10 АЕК). Бұл жердегі айыппұл мөлшерін көбейту қажеттігі туралы осыған дейін ұсыныстар айтылып келеді. Сондай-ақ, ескерткішке келтiрiлген залалды, яғни тарихи-мәдени құндылықтардың бағасын есептеу экспертизаларын іске асыру бойынша арнайы ережелер жоқ, бұл туралы азаматтық кодексте ешқандай бап қарастырылмаған.
Биыл 2025 жылы «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында «Түркі жұртының жұрнағы» атты Халықаралық ғылыми конференция өткізу жоспарланды. Сондай-ақ, "Мединеде - Мұхаммед, Түркістанда - Қожа Ахмет, Маңғыстауда - Пір Бекет" демекші, Бекет атамыздың 275 жылдығы да аталып өтеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота Мұсабекқызы
