Қазақстанның энергия жүйесі қалпына келтірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2022 жылғы 25 қаңтарда сағат 11:59-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Орталық Азияның энергия жүйесіндегі электр энергиясын тұтынудан генерацияның айтарлықтай ауытқуына байланысты 500 кВ «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр транзиті шамадан тыс жүктелген.
Электр желілерінің зақымдалуына жол бермеу және ірі жүйелік аварияны болдырмау мақсатында «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр транзиті аварияға қарсы автоматиканың дұрыс жұмыс істеуі арқылы бөлінді, бұл Қазақстанның оңтүстік аймағындағы тұтынушылардың тоқтан толық ажыратылуына жол бермеді. Штаттан тыс жағдай болған кезде Қазақстанның оңтүстік аймағындағы тұтыну көлемі 3200 МВт құрады.
Аварияға қарсы автоматика әрекетімен тұтынушыларды 1300 МВт көлемінде электрмен жабдықтай отырып, Жамбыл ГРЭС-і, Шымкент ЖЭО-3, Қызылорда ЖЭО-6 және Алматы облысының электр станцияларының жұмысын толық тоқтатуға жол берілмеді. Мәжбүрлі шектеулер 1900 МВт құрады.
50 Гц нормативтік жиілікте – Орталық Азияның энергия жүйесіндегі жиілік 47 Гц-ке дейін күрт төмендеді, соның салдарынан Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелері толық өшірілді.
Сағат 13:39-да Қазақстанның ұлттық электр желісінің қалыпты схемасы қалпына келтірілді. Қырғызстанның энергия жүйесімен қатарлас жұмыс қайта жанданды.
Сағат 14:53-те Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша барлық шектеулер алынып тасталды.
Сағат 15:10-да Жамбыл 500 кВ, Шымкент 500 кВ шағын станцияларына кернеу берілді. Қазақстанның оңтүстік аймағының барлық өңірлерінің тұтынушыларын электрмен жабдықтау 16:00-де қалпына келтірілді.
Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында энергия жүйесінің қалыпты режимі және тұтынушыларды электрмен жабдықтау қысқа мерзімде қалпына келтірілді.
Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйесінде тұтынушылар тоқтан толық өшірілді. Қатарлас жұмыс аясында Қазақстан тарапынан Өзбекстан Республикасындағы аварияны жоюға көмек көрсетіліп жатыр, өңірлік станциялар кезең-кезеңімен іске қосылып, электрмен жабдықтау қалпына келтіріліп жатыр.