Қазақстанның экспорты 2020 жылы 18,2 пайызға төмендеді. Мұндай көрсеткішке Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша әлемдік пандемия әкелген дағдарыс себеп болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтыр біз әлемнің барлық мемлекетімен бірге көптеген проблемамен бетпе-бет келдік. Әлемдегі тауар нарығындағы сұраныс өткен жылы біршама төмендеді, жүк тасымалдау деңгейі де азайды. Шетелдік бизнес-серіктестермен байланыс үзіліп қалды. Жалпы 2020 жылы әлемдік сауда 9,2 пайызға азайған. Біздің сауда серіктес саналатын негізгі 10 мемлекетпен экономикалық белсенділігіміз орташа есеппен 2,8 пайызға қысқарды», - деді вице-министр Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында.
Оның айтуынша әлемдегі осы ахуал Қазақстанның экспортына да әсерін тигізген. Нақтырақ айтқанда отандық экспорт көрсеткіші 18,2 пайызға төмендеген. Әйтсе де өңделген өнімнің экспорты тек 3,4 пайызға азайғанын атап өту керек.
«Мұнай өндірісі азайып, оның бағасы құлдырап бара жатқан қазіргі кезеңде экономиканың шикізаттық емес секторының әлеуетін арттыру – біздің негізгі міндетімізге айналып отыр», - деді ол.