12 қар, 2020 сағат 15:12

Қазақстанның барлық өңірінде коронавирус өршіп барады

Еліміздің барлық өңірінде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны күрт артқаны байқалып отыр.

Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстанда осы жылдың 12 қарашасындағы жағдай бойынша 118 491 науқас тіркелді. Оның ішінде бүгінгі күні 108 632 науқас сауығып шықты. Бүгінгі күні 7 941 науқас емделіп жатыр. Өкінішке қарай 1 899 отандасымыздан айырып қалдық. Сонымен қатар соңғы тәулікте 587 адамның коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның дерегінше, осы жылдың 1 тамызынан бастап COVID-19 пневманиясына 39 545 адам шалдықты. Оның ішінде 23 351 адам емделіп, сауығып шықты. Ал 9 782 науқас ем қабылдауда. 412 адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте 188 адамнан пневмония анықталды. 

«Сонымен қатар соңғы 2 аптада еліміздің барлық өңірінде COVID-пен сырқаттанудың күрт өсуі байқалып отыр. Сырқаттанушылық барлық өңірде орын алуда. Өткен аптамен салыстырғанда ауру 1,7 есеге өсті. Ауру жұқтырудың 45 пайызы Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Қостанай облысында 4 есеге өссе, Батыс Қазақстан облысында 3,2 есеге артты. Ал Павлодар өңірінде 2,7 есеге айтарлықтай өсім байқалуда. Бүгінгі күні аталған өңірлердің әкімдіктері күшейтілген шараларды қабылдауда», - деді Ержан Байтанаев.