11 қыр, 2022 сағат 20:21

Қазақстанның әскери медицинасының ахуалы қандай?



Қазақстанның Қорғаныс министрлігінде әскери медициналық бөлімшелерді заманауи медициналық техникамен және кәсіби кадрлармен жабдықтау мәселелері тұрақты түрде шешілуде. Сонымен қатар әскери медиктердің қызметі жеке құрамның жауынгерлік қабілетін қолдауға және олардың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған. Бұл жайлы бас әскери медициналық басқарма бастығының орынбасары, емдеу профилактика басқармасының бастығы, медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов айтып берді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Алдымен «Әскери медицина қазіргі заманғы стандарттар мен талаптарға қаншалықты сай?», «Әскери медициналық мекемелердің техникамен және аппаратурамен жабдықталу деңгейі қандай?», «Бүгінгі таңда Қазақстан қарулы күштерінің медициналық ресурстары қандай?» деген сұрақтарға жауап берген медицина қызметінің полковнигі әскери медицина әлі де жасалу үстінде екенін тілге тиек етті.

«Өздеріңізге мәлім, қазіргі кезде әскери медицина жалпы денсаулық сақтау жүйесі ретінде мәлім. Сондықтан стандарттар, талаптар жалпы денсаулық сақтау жүйесіне қойылатын, ол әскери медицинаға да қатысты. Сондықтан бүкіл біздің әскери медицинаның мекемелері қойылатын талаптар мен стандарттарға сай деп айтуға болады. Әскери медицинаның аппаратуралары мен техникалық жабдықталу жағдайына тоқталатын болсақ, деңгейлерге бөлуге болады. Ал егер Нұр-Сұлтан, Алматы қаласында орналасқан әскери госпитальдардың жабдықталу деңгейі облыстық, республикалық маңыздағы қалаларда орналасқан ауруханалардың деңгейіне пара-пар келеді. Ал аймақтарда орналасқан госпитальдар жағдайына келетін болсақ, сәл төмендеу деп айтуға болады. Бұл ретте атап өтетін жағдай, біздің әскери медицинаға қойылатын талап әскери қақтығыс кезінде медициналық көмек беруге дайындық жағдайы. Сондықтан Қорғаныс министрлігі басшылығының бізге қоятын талабы әскери медицинаның мобильдік жағын жетілдіру болып келеді. Соған орай біздің қазір мобильдік-кешендік толықтыру сұрағы өте жақсы жүріп жатыр деп айта аламын. Қазіргі кезде біздің қолданысымызда бірнеше мобильдік-медициналық кешендеріміз бар. Ол кешендермен жабдықтау осы кезде де жүргізіліп жатыр, жалғасып жатыр. Ағымдағы жылды айтсақ, біз 60 кереуеттік мобильдік далалық госпиталь алдық. Бұл госпитальдің ерекшелігі құрамында бірнеше операция жасайтын орындығы бар, реанимациялық бөлімдер бар, науқастарды орналастыратын бөлімдер бар, диагностикалық бөлімшесі бар. Диагностикалық бөлімшесінде заманауи техникалар мен аппараттармен жабдықталған. Бұл диагностикалық бөлімшенің құрамына жылжымалы компьютерлік томограф кіреді. Бұл кешенді сонымен қатар, автономды түрде газбен, сумен, электрмен жабдықтау мүмкіншілігі бар. Оның артында тамақтану кешені де қосылған. Сондықтан бұл кешенді пайдалану кезінде біз ұрыс-қақтығыс кезінде далалық жағдайда медициналық көмек көрсетуге дайын екенімізді айтып өтуге болады. Сонымен қатар, біз ағымдағы жылы санитарлық-бактерологиялық лаборатория алдық, ПЦР жасай алатын мүмкіндігі бар оның. Сонымен қатар брондалған транспартер алдық. Сондай-сондай кешенді шаруалар атқарылып жатыр», – дейді медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта болашақ әскери дәрігерлерді Әуе қорғаныс күштері әскери институтына курсанттарды қабылдау арқылы жүргізіліп жатыр. Әуе қорғаныс күштері әскери институты Батыс Қазақстан медициналық университетімен келісімшарт жасалған.

«Курсанттарды университет жағдайында медициналық дайындықтан өткіземіз. Биылғы жылы біз 26 курсант қабылдадық. Сонымен қатар, біз шетелге курсанттар жіберу арқылы да әзірлік жүргіземіз. Биыл біз Санк-Петербург қаласындағы әскери медициналық академияға курсанттар жібердік. Арменияға, Еревандағы медициналық университетке курсанттар жібердік, олардың жалпы саны 14 адамды құрады. Сонымен қатар, біз дипломнан кейінгі даярлықты да ұйымдастырып жатырмыз. Ол профильдік мамандар даярлау үшін қазіргі уақытта біз Санк-Петербург қаласындағы әскери медициналық академияға біздің офицерлерді жіберіп жатырмыз. Биыл шамамен жеті офицерді мамандықтары бойынша әзірлеуге жібердік. Оның үстіне, Қорғаныс министрлігі басшылығының қолдауымен қазіргі уақытта біз өзіміздің елде сол профильдік мамандарды дайындау іс-шарасын жүргізу үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол енді резидентура бойынша дайындық болады. Бұл ретте біз заңнамаға өзгерістер енгізу, ұйымдастыру шараларын жүргізіп жатырмыз. Соғыс уақытында медициналық қызмет көрсету сұрағына тоқталатын болсақ, әрине біздің әскери медицина тікелей соғысқа қатысты деп айту ертерек. Біздің ондай тәжірибеміз жоқ. Бірақ күнделікті жұмысымызда біз еліміздегі түрлі жарылыстар кезінде біздің әскери дәрігерлер көмек көрсетуге қатысып, қойылған талаптарды абыроймен орындап шыққан. Оның үстіне, біздің әскери дәрігерлер болып жатқан күнделікті жаттығуларға жіті қатысып отырады. Әрине, бұл жүргізілген шаралардың бәрі бұлардың даярлығына, ертең ел басына күн туған кезде елді қорғауға, әскерилерге көмек көрсету, медициналық көмек көрсетуге дайындығына сенімдіміз», – дейді Берік Ілиясов.

Маманның айтуынша, қазіргі таңда әскери медициналық мекемелердің құзырына кірмейтін қызметтің бірі – онкология.

«Онкология кезінде біз қызмет көрсетпейміз. 18-ге толмаған балаларға көмек көрсетпейміз. Бала туу ісіне араласпаймыз. Сонымен қатар бізде жоғары технологиялық медициналық қызметтердің ішінде нейрохирургия, кардиохирургия, травматология жақсы, сол ретте біздің жасап жатқан шараларымыз бастапқы кезеңде болып тұр. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау саласы туралы Қазақстан Республикасы кодексіне сәйкес, ҚР азаматтары дәрігерді және медициналық мекемені таңдауға құқылы деп жазылған. Соған байланысты біздің әскери қызметшілер өздерінің құқығына сәйкес азаматтық медициналық мекемелерге жүгінуге құқылары бар. Әскерилерге барлық жағдай жасалған. Олар жергілікті емханаларына тіркелген, оның үстіне Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында олар үкімет қаражаты есебінен сақтандырылған, сондықтан біздің әскерилер жалпы азаматтық денсаулық сақтау жүйесінде толық ем қабылдауға құқылы», – дейді ол.

Сонымен қатар, әскери қызметшілерді шетелде емдеу тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес бекітілген. Егер әскери қызметшілер сол тізімге кіретін науқастардың қатарында болған жағдайда шетелде ем алуына болады.

«Оның үстіне, бұйрыққа сәйкес, егер әскери қызметші әскери қызметін өткеру кезінде жарақат алған жағдайда, егер ол жарақатты Қазақстанда емдей алмайтын болсақ, оны шетелге жіберуге құқығымыз бар. Санаториялық-курорттық емделу әскери қызметшілерге және әскери зейнеткерлерге ол емді беру ҚР Әскери қызмет және әскери қызметтің мәртебесі туралы Заңға сәйкес бекітілген. Заңға байланысты әскери қызметшілер және 25 жыл өтілі бар әскери зейнеткерлер санаториялық-курорттық ем алуға құқылы. Егерде әскери қызметкерлерге санаториялық-курорттық ем қабылдау үшін медициналық көрсеткіштер біздің Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітілсе, әскери зейнеткерлердің тізімі Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген. Егер сондай науқастанулар болған кезде санаториялық-курорттық ем қабылдауға жолданады. Біз биыл санаториялық-курорттық емделуге 1100 жолдама алып отырмыз. Ол Сарыағаш қаласында орналасқан «Әсел» санаторийі және Қарағанды облысында орналасқан Балқаш санаторийі. Жоспарлы түрде қазір емделуге жіберу жұмысы жүргізіліп жатыр», – дейді бас әскери медициналық басқарма бастығының орынбасары, емдеу профилактика басқармасының бастығы, медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясов.