Қазақстанның алтын қоры 407 тоннаға жетті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алтын-валюта резервтері бір айда 309 млн АҚШ долларына төмендеп, осы жылғы қарашаның соңында 35,5 млрд АҚШ доллары болды. Алтын портфелі шамамен 407 тоннаға жетті және 267 млн АҚШ долларына өсті», - деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, еркін конвертацияланатын валютадағы активтер валюталық интервенция, мемлекеттік борышты төлеу және Үкіметтің шоттары бойынша басқа да операциялар есебінен 575 млн АҚШ долларына төмендеді.
«Жалпы халықаралық резервтер бір айда 435 млн АҚШ долларына төмендеп, 90,5 млрд АҚШ долларын құрады», - деді ҰБ төрағасы.