14 жел, 2021 сағат 11:26

Қазақстанның әлемдік азық-түлік хабтарының бірі болуына мүмкіндігі бар – Мамин


Қазақстанның әлемдік азық-түлік хабтарының бірі болуына мүмкіндігі бар. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өндірісте кластерлік дамытуды, шағын өндірушілер мен өндірушілерді ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіруді ынталандыру арқылы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту керек. Бұл жобаларды іске асыру ең алдымен, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы 2023 жылдың соңына дейін барлық негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті алып тастау қажет», - деді Үкімет басшысы. 

Асқар Мамин ішкі нарық қамтамасыз етілгеннен кейін өнім түрлері мен оның таралу географиясын кеңейту арқылы экспорт көлемін ұлғайту маңызды екендігін айтты. 

«Сонымен қатар сақтау және логистика инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Себебі тауардың өзіндік құнында олардың үлесі басым. Әлемдік нарықта азық-түлік тауарларына сұраныстың артқанын ескере отырып, еліміздің әлемдік азық-түлік хабтарының бірі болуына мүмкіндігі бар», - деді Премьер-Министр.