Соңғы аптада Қазақстанның 9 өңірінде кезекші сыныпта оқитын оқушылар арасында коронавирус жұқтырудың 62 жағдайы тіркелді.
Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз оқушылар арасындағы сырқаттану мәселесін күн сайын бақылауда ұстап келеміз. Оқу жылы басталғалы бері оқушылар арасында коронавирус инфекциясының 825 жағдайы тіркелді. Оның ішінде кезекші сыныптарда оқитын балалар саны - 261. Бұл офлайн режимде білім алушылардың жалпы санының 0,03 пайызын құрайды. Ал онлайн форматта білім алатын балалардың КВИ індетіне шалдығуы 564 оқушы болды. Бұл 0,02 пайызға тең», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Ресми өкілдің дерегінше, соңғы аптада 9 өңірде кезекші сыныпта оқитын оқушылар арасында 62 жағдай тіркелді.
«Балалар арасында ауруға шалдыққандар көп өңірлердің қатарында Шығыс Қазақстан 32, Павлодар 12, Батыс Қазақстан 5 бар. Ал қалған 4 өңірде аурудың бірлі-жарым жағдайы тіркелді. Атап айтқанда, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында - 3 жағдай, Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарында - 1 жағдай», - деді Ержан Байтанаев.