Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі
Қазақстан халқының атынан Ауғанстанның батысындағы зілзаладан зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмектің алғашқы легін әкелген арнайы ұшақ Герат әуежайына қонды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Гуманитарлық жүкті Ауғанстан азаматтық әуежайлар департаментінің бас директоры - зілзала салдарымен күрес штабының мүшесі Гаврал Абдул Саттар бастаған топ қабылдап алды. Штаб мүшесі Қазақстан Иран мен Түркиядан кейін үшінші болып көмек жеткізгенін айтады.
«Біріншіден, осынау қиын күнде көмек қолын соған дос пейілді Қазақстанның халқына, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға алғыс айтамыз. Жүкті қабылдап алғаннан кейін арнайы комиссия оны қайда жөнелтетінін кеңесіп шешеді. Қазір қайтыс болған адамдарды жерлеп, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп үлгердік. Тағы зардап шеккендер анықталса, оған да дайын отырмыз. Өйткені, бүгін сағат 5.00 кезінде қазақстандық құтқарушылар жұмыс істеп жатқан аумақта тағы жер сілкінді. Тағы да Қазақстан халқына осындай қиын кезде көмек жіберіп жатқаны үшін рахмет айтамыз», - дейді штаб өкілі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық ұланның Y8F200W ұшағына Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 1200 адам паналайтын 70 шатыр, жалпы салмағы 6 тоннадан асатын дәрі-дәрмек тиелді. Бұл дәрі-дәрмектің тізімі Ауғанстан тарапы сұратқан тізбе бойынша жасақталған. Атап айтқанда, азитромицин, ибупрофен, цефтазидим, парацетамол сияқты ыстық түсіретін, қабынуға қарсы препараттар мен антибиотиктер жеткізілді.
Зілзала салдарымен күрес штабының өкілі Гарвал Абдул Саттар Герат провинциясындағы зілзала кезінде қирандыға айналған 13 елді мекеннің тұрғындарына әлі де шатырлар мен медициналық бұйымдар, дәрі-дәрмек өте қажет екенін айтады.
Еске салсақ, 7 қазанда Ауғанстанның батысында орналасқан Герат провинциясындағы 6,3 балдық жер сілкінісінен 2053 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам адам жарақат алған.
Бұған дейін Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсететіні хабарланған еді.
Сонымен қатар Ауғанстанға үйінді астында қалған адамдарды құтқару үшін ТЖМ құтқарушылары, соның ішінде кинолог мамандар жіберілді.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Ауғанстандағы жер сілкінісінен Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ.