05 қаз, 2022 сағат 13:35

Қазақстаннан кеткен ресейліктердің саны көбейді - Сыртқы істер министрі

© РИА Новости

Премьер-министрдің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға келген ресейліктердің айтарлықтай азайғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресейде ішінара мобилизация жарияланған күннен бастап Қазақстанға келетін ресейліктердің саны күрт өсті. Ішкі істер министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, 21 қыркүйектен бері Қазақстанға 200 мың Ресей азаматы кірген. Олардың ішінде транзитпен өтетіндер де аз емес.

Ал Cыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, кеше теріс миграция тіркелді. Ондайда елден келетіндерден гөрі шығатындар көп болады.

"Соңғы мәліметтерге сәйкес, кеше теріс миграция болды, яғни, Қазақстаннан шығып кеткен Ресей азаматтарының саны кіргендерден көп болды", - деді Тілеуберді Мәжіліс отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетері, бұған дейін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейліктердің келгенін айтқан. Олардың ішінде 147 мың адам басқа елге кетіп қалды. Ал Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, 70 мың Ресей азаматы ЖСН алып үлгерген.