10 нау, 2021 сағат 10:46

Қазақстаннан 600-ден астам адам депортацияланды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев заңсыз көші-қонмен күрес жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан транзиттік ел болып саналады, көктемде эмигранттар Қазақстан арқылы Ресей бағытында сапарлайды, ал күзде кері қайтады. Осы орайда еліміздің барлық құқық қорғау органдарына елеулі жүктеме түседі», - деді министр.

Оның айтуынша, көктемде және күзде «Мигрант» жедел алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар көршілес елдердің құқық қорғау органдарына тиісті операция жүргізілетіндігі туралы ескертіледі. Бұл тұрғыда азаматтарды депортациялау іске асырылады. Мәселен, коронавирус инфекциясы кезінде мигранттардың көбісі Қазақстан аумағынан шыға алмады. Осы орайда Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, елде болу мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар қаңтар-ақпан айларында біздің аумақта қалған барлық азаматтарға қатысты тиісті жұмыстар атқарылды. Қаңтар-ақпанда 133 мың мигрант өз елдеріне қайтарылды. 

«Қазақстаннан өз еркімен кетуге бас тартқандар және ішкі істер органдарынан жасырынып жүргендерге тоқталсақ, 674 адамды сот тәртібімен депортацияладық. Бұл тұрғыда оларға қатысты бес жыл мерзімде Қазақстан аумағына келуге шектеу қарастырылған. 3,5 мың шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар еліміз арқылы заңсыз транзит арнасы ұйымдастырылғаны үшін 27 қылмыстық іс қозғалды», - деді Е. Тұрғымбаев. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.