Ресей Президенті Владимир Путин Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне қатысу үшін Қазақстанға келеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Ресей Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне қатысу үшін Қазақстанға келеді. Сонымен қатар Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы мемлекет басшыларының кеңесін өткізу жоспарланған. Біз, Ресей Президенті қатысады деп күтеміз. Ол қазан айының ортасында болады. Ресми растауын күтіп отырмыз. Мемлекет басшысының әрбір сапарында екіжақты кездесу өткізіледі», - деді Мұхтар Тілеуберді елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі аясында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол Қазақстан қайталама санкцияға тап болмайтындығын атап өтті.
«Бізде антиресейлік санкцияның теріс ықпалын, оның ішінде қайталама санкцияны экономикамызға жібермеу жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы жемісті жұмыс істеп, еуропалық комиссиямен, АҚШ әкімшілігімен тұрақты консультация жүргізеді», - деді ол.