Ресейлік саясаткер Владислав Иноземцев Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты және қаңтар трагедиясының ықтимал салдары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресейлік «Комсомольская правда» газетінің сайтында жарияланған сұхбатта ресейлік экономист әуел баста жап-жақсы дамып бастаған Қазақстан экономикасының қай бұрылыста сыр бергені туралы пайымын айтады.
«Мемлекет аяқтан тұрып, экономика қайтадан құрылған шақта ауқымды шешімдер қабылдану керек екені түсінікті. Ал ондай шешімдер әрдайым демократиялық жолмен қабылдана бермейді. Сондықтан, мұнай мен газ саласындағы ауқымды жобалар Қазақстанды бүгінгі жағдайға әкелді. Назарбаев айналасына ғана арқа сүйеді дегеннің өзінде ол реформалар жүріп жатты. Сондықтан оның бұл ұстанымына көз жұмуға да болатын еді. Бірақ әуел бастағы әлеует сарқылған шақта бюрократия елдегі басты тежеуші күшке айналып шыға келді. Азияның тәжірибесі бұған дейін де көрсеткен. Жекелеген билеушілер ірі экономиканы 15 жылдан артық уыстан шығармай басқарса, міндетті түрде зардабы ауыр болады», - дейді маман.
Ресейлік саясаткердің пайымынша, көпвекторлы сыртқы саясатты ұстану Қазақстанға уақыт өткен сайын қиын соғуда.
«Қазақстан үнемі Ресей, Қытай, Түркия және Батыс елдерінің арасында теңгерімді саясат ұстануға тырысты. Бүгінге дейін бұл қолынан келді де. Бірақ елдегі элита алаңдаулы. Мұндай теңгерімді ұстап тұру уақыт өткен сайын қиындап барады. Сонда қазір Қ.Тоқаевтың алдында екі негізгі міндет тұр. Экономикалық міндет – олигархиялық жүйені ыдырату, сыбайлас жемқорлықпен күрес, Норвегияның немесе Біріккен Араб Әмірліктерінің үлгісіндегі ұлттық әл-ауқат қорын құру. Ал сыртқы саясаттағы міндеті – ел экономикасының дамуына шынымен де ықпал ете алатын әріптестерді таңдау. Бірден айтайын, Ресейдің бір бөлігіне айналу немесе одастас республика құру мәселесін, менің ойымша, Қазақстан қарастырып та отырған жоқ», -деді Владислав Иноземцев.
Оның айтуынша, Қазақстанның болашағында бұл дағдарыстың рөлі ерекше болмақ.
«Мен кейде төңкеріс экономикалық ғажайыпқа жол ашса, кейде экономикалық ғажайып төңкеріске жол ашады дер едім. Өйткені экономиканың қарқынды жылжуы ішкі тартыс пен текетірестерді ушықтыруы мүмкін. Дегенмен, Қазақстанның келешегі жаман жағдайда тұр деуге келмейді. Оның бір ғана қарапайым себебі бар. Теңселіссіз дамудың жаңа жолына өту мүмкін болмаған сияқты. 2010 жылдардың ортасында Қазақстан экономикасы шаршап-шалдыға бастады.
Осындай дағдарыс жаңа деңгейге шығу үшін керек болған да шығар. Бірақ элиталар арасында қарымта төңкеріс талпыныстары болмаса, бәрі қантөгіссіз де өтуі мүмкін еді», - дейді Владислав Иноземцев.