25 шіл, 2023 сағат 15:09

Қазақстанға қызылша ауруы қайдан келді – министр жауабы

© Photo: Үкімет басшысының баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанға қызылша ауруы қай елдерден келгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, қазір қызылша көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда да тарап жатыр.

"Биыл екі мыңға жуық бала қызылшамен ауырды, көбі - екпе алмағандар. Ауру сырттан келді. Балалар алыс-жақын елдерге демалуға барып, инфекцияны сол жақтан жұқтырып келген, осыдан кейін ел ішіндегі қорғалмаған балалар да жұқтырды.

Жыл басында алғашқы жағдайлар Түркия, Ресейден оралған балаларда тіркелді. Ал қазір біз қызылшамен сырқаттанушылық өсіп бара жатқанын байқап отырмыз", - деді Ғиният Үкімет кулуарында.

Оның сөзінше, инфекциялық ауру жаппай таралмас үшін дәрігерлер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ақ халаттылар қызылшадан екпе алудың маңызын еске салып, ауру балалармен, олармен байланыста болған жандармен жұмыс істейді.