13 нау, 2020 сағат 13:46

Қазақстанға коронавирусты анықтау үшін 100 мың тест әкелінбек

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясын анықтаудың тест жүйесі туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз қазір 60 мың тестің жеткізілуін күтіп отырмыз. Одан бөлек 40 мың тестке тапсырыс бердік. Яғни жалпы біз 100 мың тесті резервке қоямыз», - деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр қазіргі таңда Қазақстанда РФ, ҚХР, БАӘ, АҚШ және ДДСҰ ұсынған (Германияда шығарылған) тест-жүйелері барын айтып өтті.

«Жалпы бізге 15 мың тест жеткізілді. Қазіргі таңда біз 3389 адамға 5093 тесті пайдаландық. Қалған 9907 тест бар. Осылардың ішінде екеуі оң нәтиже көрсетті. Ол туралы жаңа айттым», - деді министр.

Еске сала кетсек бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылғанын мәлім еткен еді.