Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың Қазақстанға шүйліккеніне қатысты пікірін бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сарымның айтуынша, Захарова бұл жағдайды пайдаланғысы келген.
«Шын мәнінде, Қазақстанға ешқандай қысым жоқ. Меніңше, украиналық елші - өте кәсіби дипломат. Ол өз мәлімдемесінде қателік кеткенін түсінді. Сол себепті, кеңес алу үшін екі ай бұрын еліне кетті. Украинаның Сыртқы істер министрлігі де бұл жағдайды өте жақсы біледі. Сондықтан елімізде Украинаның жаңа елшісі тағайындалмақ.
Бұл Украинамен қатынасымызға ешқандай кері әсерін тигізбейді. Барлық сұрақтар шешілді. Меніңше, Захарова Украинаға қысым көрсету үшін осы жағдайды пайдаланғысы келді. Басқа ештеңе де жоқ», - деді Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап берген депутат.
Еске сала кетейік, Украина елшісі Петр Врублевский Қазақстаннан кететін болды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бүгін Мәжіліс кулуарында Украинаның сыртқы істер министрлігі жаңа елші тағайындау туралы өтініш жібергенін мәлім етті. Олардың өтініші қарастырылып жатыр.
“Біз Мария Захарованың (РФ СІМ ресми өкілі) сөзіне түсінбеушілікпен қараймыз. Өйткені оның айтқан сөздері Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестік сипаттағы қатынастарға қайшы келеді”, – деді Айбек Смадияров.
Айта кетелік, Петр Врублевскийдің қазақстандық блогерге берілген сұхбаты үлкен дау тудырған болатын. Сұхбат барысында Украина елшісі ресейліктерді мейілінше көбірек өлтіруге шақырған.