© Photo: ҚР СІМ баспасөз қызметі
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ата жолы" картасы – этникалық қазақтарға елімізде бизнес-кейстерін іске асыруға және елде тапшы мамандардың қызмет етуіне берілетін құжат. Карта иелеріне республика аумағында азаматтығын сақтай отырып, 10 жылғы дейін тұрақты тұруға рұқсат беріледі
"Бұған дейін шетелде табысты бизнесі бар этникалық қазақтар үшін "Ата жолы" картасын беру тәртібі бекітілген болатын. Бүгінде "Отандастар" қоры қолында кәсібі бар, елге "Ата жолы" картасы аясында келгісі бар шетелдік 50 қандасымызды анықтап, қажетті жұмыс жүргізіп жатыр", - деді Дүйсенова Үкіметтің бүгінгі отырысында.
"Ата жолы" картасы иегерлерінің этникалық қазақтардан басты айырмашылығы – олар басқа елдің азаматы болып қала отырып, азаматтар мен қандастар сияқты құқықтарға ие болады.
Бұдан басқа, "Ата жолы" картасының иегерлері Қазақстан Республикасының азаматтығын оңайлатылған тәртіппен алуға мүмкіндігі бар.
Айта кетері, "Ата жолы" картасы бар адамдар Қазақстанның мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға құқығы жоқ, республикалық референдумға қатыса алмайды және мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.
Картаны алу тәртібімен мына жерден танысуға болады.