ІІМ 21 қазаннан бастап тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға SMS-хабарламаларды жіберуді бастады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Eгер осындай SMS-хабарлама келіп түскен болса, онда ІІМ дерекқорында сіздің тіркелуіңіз туралы мәлімет жоқ. Сондықтан сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелу қажет.
Мұндай хабарламаларды жіберудің мақсаты - нақты тұратын жері бойынша тіркеусіз тұруға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан осал азаматтарға қосымша қаржылық жүктемені азайту (әкімшілік жауапкершілікке тартуды болдырмау үшін)", - делінген хабарламада.
Бүгінде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 10 күннен 1 айға дейін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік, 1 айдан аса уақытқа 7 айлық есептік көрсеткіш немесе 21 441 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған ("Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 492-бабы).
Қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметі "Электрондық үкімет" порталында қолжетімді.
Өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңізді порталдағы "жеке кабинетте" (eGov.kz) немесе eGov mobile мобильді қосымшасында тексере аласыз.