06 там, 2020 сағат 12:53

Қазақстандықтарға шілдеде азық-түлік пен өзге де қажеттіліктер үшін 5,4 млрд теңге аударылды

Ағымдағы жылдың шілде айында 1 млн-ға жуық қазақстандық жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеге азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін төлем алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінесілтеме жасап.

Әлеуметтік қолдаудың бұл түрімен 1,1 млн адамды қамту жоспарланып отыр .

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдай режимі мен коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі карантиндік шаралар кезеңінде азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алушылардың тізімі кеңейтілді. Азаматтардың қарым-қатынас жасауын азайту және COVID-19 таралуын болдырмау үшін жиынтықтар балама ақшалай төлемдермен алмастырылды.

Келесі 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар төлем алушылар болып табылады:

- атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы, оның ішінде көпбалалы отбасылардағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;

- медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

- медициналық, әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;

- мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар;

- жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар.

Көмектің осы түрін алушылардың тізімдерін жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады.

Ағымдағы жылғы наурыз-мамыр айлары аралығында мөлшері 13,5 млрд теңге болатын бұл төлемдер жалпы сомасы 1 млн адамға есептелді.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға ағымдағы жылдың шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.