14 қаң, 2021 сағат 09:05

Қазақстандықтарға былтыр 2,5 трлн теңге зейнетақы төленді

2020 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында республикалық бюджеттен 772,3 млрд теңге базалық зейнетақы және 1 721,5 млрд теңге ынтымақты зейнетақы төленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім еткендей, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде зейнеткерлер саны 2 млн 247 мың адамды құрайды.

Айта кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, әр азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (МЗЖ) зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2% артады. Мысалы, егер қатысу өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 74%, 30 жыл – ең төмен күнкөріс деңгейінің 94% құрайды. Жұмыс өтілі 33 және одан да көп жыл болса, ең төмен күнкөріс деңгейінің 100% мөлшерінде белгіленеді.

Егер бір ай ішінде МЗЖ бірнеше рет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.