Қазақстандықтар келесі жылдан бастап БЖЗҚ-дағы артық соманы "Отбасы банкіне" аудара алады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік салымдарды толықтыру бөлігіне қатысты бұйрыққа өзгерістер әзірледі, ол қазір пысықталып жатыр.
"Жоба пысықталып жатыр, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардан ескертулер болды, қазір солар қаралып жатыр. Шамамен 2022 жылдың қаңтарында басталады", - деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетері, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қаржы жеткілікті шегінен асқан жағдайда "Отбасы банктегі" шотқа аударуға рұқсат беруді тапсырды. Оның айтуынша, бұл шара қаражат жинау және оларды дұрыс басқару әдетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 3 желтоқсанда Қазақстанда 2022 жылы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін жеткілікті шегінің көрсеткіштері күрт өсетіні хабарланды.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жеткілікті шегі 21 жаста – 3,2 млн теңге, 22 жаста – 3,3 млн теңге, 30 жаста – 4,4 млн теңге, 40 жаста – 5,8 млн теңге, 50 жаста – 7,4 млн теңге болуы қажет.
БЖЗҚ ең төменгі жеткілікті шегінің сомасы әрбір жас үшін есептелетінін және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының артуы ескерілгенін хабарлады. Бұл ретте "республикалық бюджет туралы" Заңға сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер пайдаланылады. Осыған байланысты жеткілікті шегінің мөлшерін есептеу жыл сайын осы көрсеткіштердің өсуін ескеріп жүргізіледі.