Фото: Сергей Савостьянов / ТАСС
Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі баспасөз мәслихатында ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жаңабаев паспорт пен жеке куәлікті алған кезде азаматтарды міндетті дактилоскопиялық тіркеу енгізілетінін айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Дактилоскопиялық тіркеу - бұл саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу. Оның мақсаты - адамның мүдделерін қорғау, оның заңды құқықтарын, денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біріншіден, аталған іс-шаралар жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жетілдіруге бағытталған, бұл өз кезегінде заңсыз құжаттандыру фактілерін болдырмауға, құжаттарды қолдан жасаудан, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді аға инспектор.
Белгілі болғандай, дактилоскопиялық тіркеу біздің азаматтарымыздың басқа елдердің мемлекеттік шекараларын кесіп өту рәсімін жеңілдетуді де көздейді.
«Бұл күнделікті өмірде де, жазатайым оқиғаларда да, соның ішінде техногендік және табиғи сипаттағы жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру рәсімін жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар жеделдетеді. Болашақта дактилоскопиялық ақпараттың арқасында заманауи смартфондар арқылы мемлекеттік қызметтерді қашықтықтан алуды одан әрі дамыту мүмкіндігі пайда болады», - дейді Нұржан Жаңабаев.
Аға инспектордың айтуынша, 12 мен 16 жас аралығындағы балалар ерікті түрде тіркеле алады.
«12 жасқа дейінгі балалардан басқа, Қазақстан Республикасының барлық азаматы және елде тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуге жатады. 12 мен 16 жас аралығындағы балалар ерікті түрде тіркеле алады. Саусақ іздерін алу ХҚКО-ларда жеке куәліктерді, паспорттарды, шетелдіктің тұруға ықтиярхаттарын және азаматтығы жоқ адамның куәліктерін ресімдеу кезінде жүргізілетін болады. Әртүрлі себеппен жеке басын куәландыратын құжаттарды алғаш рет алатын немесе ауыстыратын қазақстандықтар саусақ ізін түсіруден өтеді. Мысалы, жарамдылық мерзімі аяқталған, тегі, аты және әкесінің аты өзгерген жағдайда, құжат жоғалған немесе ұрланған жағдайда», - деді ол.