17 нау, 2020 сағат 17:15

Қазақстандықтар пойыз билеттерін жаппай өткізіп жатыр

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Маркетинг және сату департаментінің директоры Алмас Айтбаев қолма-қол ақшаның жетпеуінен билет ақшасын қайтару процесіне түсіністікпен қарауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«16 наурыздан бастап уақытша төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты, жолаушылар пойыздарына, оның ішінде шетелдіктердің республикаға аумағына кіруіне және дипломатиялық қызмет персоналы мен локомотив бригадалары сынды жекелеген топтан өзге тұрғындардың елден шығуына шектеу қойылды. Бұл жағдайда компания 9 мемлекетаралық пойызды тоқтатып, 7 пойызда Қазақстан шекарасы маңындағы бағыттар қысқарды, көршілес теміржол әкімшіліктерімен 23 пойыз тоқтатылды», - деді А. Айтбаев тілшілерге берген сұхбатында. 

Тоқтатылған пойыздар туралы толық ақпаратты ҚТЖ корпоративтік сайтынан алуға болады.

«Сонымен бірге, компания өз клиенттеріне көмектесу мақсатында, алдын ала берілген мемлекетаралық билеттердегі ақшаны қайтару туралы шешім қабылдады. Мемлекетаралық пойыздардың тоқтатылуына байланысты, біздің кассаларымызға өте көп билет қайтарылып жатыр. Мұндай жағдайда билет кассаларында қосымша қаражат қарастырылған, белгілі бір кассаларда қолма-қол ақша жеткіліксіздігін қоспағанда, қаражат жолаушыларға дереу қайтарылуда. Мұндай жағдайларда, билеттің күші жойылады және жолаушы кез келген өзіне ыңғайлы уақытта ақшасын алып кете алады. Билет кассаларындағы ауқымды жүктеме үшін жолаушыларымыздан жағдайда билет қайтару процесінде түсіністік пен шыдамдылық танытуын сұраймыз», - деді Алмас Айтбаев.