Қазақстандықтар коронавирустың алдын алу шараларынан Еуропа елдерінен гөрі молырақ хабардар. Бұл туралы Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаңтар айының алғашқы күндерінен бастап-ақ, ақпан айында да біздің елге Еуропадан келген таныстар «Неліктен байбалам салып жатырсыздар? Бізде - Еуропада бәрі тыныш» деп таңғалған еді. Германиядан келген студенттердің, Ниндерланды мен Польшадан келген таныстардың осылай дегені есімде. Олар әуежайлардағы тепловизорларға таңданған болатын. Әлбетте, енді келіп, оларда сондай жағдай тіркеліп жатса – бұған кім кінәлі? Олар да тиісті шешім қабылдауы керек еді. Менің ойымша, қаңтардың алғашқы күнінен бастап мәселені бақылауға алғанда кейбіреулер бұған күмәнмен қараған еді. Ал қазір, Қазақстан сол шаруаны дер кезінде жүргізгенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр», - деді Жандарбек Бекшин бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Бас санитарлық дәрігер БАҚ өкілдерімен бұл мәселе бойынша күнделікті кездескенін айтып өтті.
«Міне, сол себепті біздің халық алдын алу шараларынан Еуропа елдерінен гөрі молырақ хабардар. Менің ойымша, бұл - біздің сіздермен жүргізген жұмыстарымыздың арқасы. Біздің халық коронавирустан қалай қорғануды жеке және ұжымдық деңгейде біледі деген сөз. Алдағы уақытта да тек ресми ақпараттарға сүйенуді сұраймын», - деді ол.
Еске сала кетсек бұған дейін ҚР Бас санитарлық дәрігері коронавирус өршіген елдерге сапар шекпеуге кеңес берген болатын.