Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін Халықаралық Автоөндірушілер Ұйымында (OICA) таныстыру құқығына ие «ҚазАвтоПром» одағы 2017 жылдың 11 айы бойынша жаңа жеңіл және жеңіл коммерциялық автокөліктер нарығының қатысушылары жұмысының нәтижесін хабарлады.
Есеп беру кезеңінің қорытындысы бойынша ресми дилерлер 41 698 автокөлік сатқан, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 5,9%-ға артық. Биыл қазақстандықтар 999,4 млн долларға жеңіл автокөлік сатып алған, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 30,4%-ға жоғары.
Қарашадағы сатылым 4 711 көлікті құрап, былтырғыға қарағанда 10,5%-ға артқанын көрсетті. Қараша айының нәтижесі бойынша нарық көлемі 106,3 млн долларға жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткішті 7,6%-ға басып озды.
Олег Алфёров, «ҚазАвтоПром» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы» ЗТБ Басқарма төрағасы:
- Жылдың авторетейлдегі басты қорытындысы екі жылдан астам уақытқа созылған нарықтf5s құлдыраудың аяқталуы болды. Биылғы қараша айы 2014 жылдың ортасында нарықты жаулаған рецессиядан шығып, өсімнің үздіксіз артып келе жатқан жетінші ай болып табылады. Саланы қайта қалпына келтіру қазақстандық өндірушілердің ұсыныстар аясын кеңейтіп, сондай-ақ тұтынушының жаңа валюта бағамына бейімделуі мен макроэконмикалық фонның тұрақталуын қамтамасыз етті, - дейді.
Сонымен қатар жеңіл автокөлік сатылымының тұрақталғанын да айтып өтті. Қыркүйектен бері ай сайынғы сатылым 4700 автокөлік деңгейінде, ал дилерлік түсім 100 млн доллардан артық екен.
2017 жылға қатысты айтылған болжам шындыққа айналып, биыл 12 ай бойынша сатылған автокөлік 46 мыңнан асып түседі – деді. - Жыл 6%-дық өсіммен аяқталады, ал қазақстандықтар автокөлік сатып алуға жұмсаған шығыны 1,1 млрд доллардан асады. Алайда, бұл көрсеткіштер 2015 жылғыға қарағанда аз. Саланың дағдарысқа дейінгі кезеңдегі көрсеткішіне жетуі үшін көлемді қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұр.
Он бір ай ішінде сатылған 27 414 автокөлік (65,7%) импорттың үлесінде болса, 14 284 сатып алушы (34,3%) қазақстандық автозауыттардың өнімдерін таңдаған.
Қаңтар-қараша қорытындысы бойынша қазақстандықтар ең көп сатып алатын брендтер көшін Toyota бастап тұр: 2017 жылдың 11 айында республика аумағында аталған жапондық марканың 8 319 автокөлігі сатылған. Lada моделінің сатылымы 7 721 көлікті құраса, үшінші орынға 4 062 көлік сатқан Ravon тұрақтаған. Үздіктер бестігін 3 253 көлікпен Hyundai және 2 328 көлікпен GAZ маркалары аяқтайды. Сондай-ақ, табысты маркалардың үздік ондығына Renault (2 288), KIA (2 123), UAZ (1 685), Nissan (1 550) және Chevrolet (1 406) енген.
Жеңіл автокөлік модельдерінің арасында алдыңғы қатарда Toyota Camry (3 098), жол талғамайтын Lada 4x4 (2 628) және Ravon Nexia (2 221) тұр. Lada Granta (1 546) мен Lada Largus (1 521) модельдері үздік бестікті аяқтаған.
Сонымен қатар тұтынушылар сүйіктісіне айналған көлік модельдерінің алғашқы жиырмалығына Toyota Rav4 (1 367), Ravon R4 (1 218 ), Toyota Land Cruiser 200 (1 102), Renault Duster (1 024), Toyota Land Cruiser Prado (1 007), Volkswagen Polo (950), Toyota Corolla (875), Hyundai Creta (854), Lada Vesta (839), Hyundai Elantra (825), Hyundai Tucson (772), Renault Sandero (643), Hyundai Accent (582), Toyota Hilux (509) және Lexus LX (499) енген.
Биыл Қазақстанның көлік нарығындағы ірі дилерлік топ мәртебесін БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО холдингі сақтап қалды. Есептік кезеңнің қорытындысына сәйкес жаңа жеңіл автокөліктерді (LCV қоса алғанда) сатып алушылардың 29,1%-ы дәл осы топтың ұсыныстарына тоқтаған. Сату нарығындағы 17%-дық үлес КМК Astana Motors еншісіне тиесілі. Қазақстандық авторетейл қатысушыларының ішінде көзге түскен ондыққа Вираж (9,0%), Toyota City Алматы (4,9%), Allur Auto (4,3%), Mercur Auto (3,3%), Aster Auto (2,2%), Тойота Центр Жетісу (2,2%), Урал-Кров (1,7%) және Автомир (1,3%) кірген.
Одақ мәліметінше, қаңтар-қараша аралығында жеңіл автокөлік сатып алуда негізгі белсенділікті Алматы (10 762 автокөлік), Астана (7 660), Шымкент (3 007), Атырау (2 856), Қостанай (2 594), Қарағанды (2 438), Орал (2 189), Өскемен (2 032), Ақтау (1 601) және Ақтөбе (1 555) қалаларының тұрғындары танытқан.
Сонымен қатар одақ басқармасының төрағасы 2018 жылы анық байқалатын динамиканы күтетінін айтты. - Осы тоқсандағы мұнай бағасының тұрақтылығы және қазақстандық автозауыттардың жоспарды орындауы келер жылы нарық 60 мың көлікке дейін артуы мүмкін. Саланы қалпына келтіруге жеңілдікпен берілетін автонесиелер мемлекеттік бағдарламасының үшінші үлесті несиесі және пайдалану бағдарламасын дамыту айтарлықтай қолдау көрсететін болады - деді.