24 жел, 2020 сағат 13:44

Қазақстандық вакцинаны салдырған Білім министрінің денсаулық жағдайы қалай?

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тамыз айында салдырған отандық екпеден кейінгі денсаулық жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл – біздің Қазақстан ғалымдарының үлкен әлеуетін көрсетеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біздің ғалымдарымыз өте үлкен керемет жұмыс жүргізді деп айтуымыз керек. Кейбір уақытта ғалымдарымыздың қандай деңгейде екенін түсінбей жатамыз, анда-санда комментарийлерді оқып тұрамын. Мүмкін өзіміз де жеткізбейтін шығармыз. Бірақ ғалымдарымыз осындай керемет вакцина дайындап шығарды. Бұл вакцина өте қысқа мерзімде дайындалды. Мамыр айында дайын болып, клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізіліп біткен соң, бірнеше ғалым өздеріне осы екпені салып, әрі қарай олардың анализдерін көріп, екпе бойынша еш қауіп жоқ екеніне көзіміз жетіп отырды. Сондықтан, осы жұмыспен айналысып, күнделікті осы ақпаратты алып жүрген соң, мен де ғалымдарымызды қолдау үшін осы екпені өзіме салдыруға шешім қабылдадым», - деп жауап берді Білім министрі тілші сұрағына. 

Министр екпеден кейін антиденелер пайда болса да, қауіпсіздік шараларын сақтап жүргенін жеткізді. 

«Екпені тамыз айында алдым, өздеріңіз көріп отырсыздар, бірнеше ай өтті. Ешқандай дене қызуы, басқа да қиындықтар болған жоқ. Иммунитет бойынша тиісті антиденелер пайда болды. Оны мен Алматыға барып, зерттеу болып жатқан зертханаға қанымды тапсырғанда көзіміз жетті. Бірақ, дегенмен, осындай иммунитет пайда болса да, қазіргі уақытта да біз санитарлық талаптарды бұзбауымыз керек. Маска тағу бойынша, арақашықтық сақтау бойынша барлық талаптарды сақтап жүрмін», - деді Асхат Аймағамбетов.