25 жел, 2021 сағат 18:52

Қазақстандық тауар өндірушілер үшін биржа саудасындағы аккредиттеу жүйесі жеңілдейді


Отандық тауар өндірушілер үшін биржа саудасында аккредиттеу жүйесі жеңілдей түспек, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сауда және интеграция министрлігі ұсынған ресми мәліметке сүйене отырып.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Сауда және интеграция министрлігі қолданыстағы «Кейбір заңнамалық актілерге сауда қызметі, биржалық сауданы дамыту және дербес деректерді қорғау туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. 

«Президент жүктеп отырған тапсырмаға сай биржа саудасының бірыңғай қағидасын іске асырудың жаңа тәсілдері қолға алынады. Біріншіден, брокерлер мен дилерлердің тауар биржасына қол жеткізуіне бірыңғай талап енгізіледі. Оларға екі және одан да көп биржаны аккредиттеуге мүмкіндік беріледі. Екіншіден, сатушылар мен сатып алушылардың сауда шарттары мен рәсімдерін өзгертпей басқа биржаға еркін өту мүмкіндігі енгізілмек. Үшіншіден, отандық тауар өндірушілер үшін биржа саудасындағы аккредиттеу жүйесі жеңілдей түспек. Ол үшін биржалық алымның төмендетілген ставкасы белгіленеді. Және төртіншіден биржалық мәмілелердің жауапкершілігі мен қауіпсіздігі деңгейін арттыру қарастырылып отыр. Яғни биржа қатысушыларының тәуекелін төмендету үшін ең төменгі қаржылық тұрақтылықтың шегін белгілеу көзделген», - деп хабарланды аталған ведомстводан. 

Сондай-ақ, заңдағы өзгерістер мен толықтырулар аясында отандық биржа саудасын не күтіп тұрғаны туралы айтылды. 

«Биржалық сауданың тұрақты нарығын қалыптастыруға, қолжетімділік пен адал бәсекелестікті арттыруға жағдай жасайды. Сатушылар мен сатып алушылар тарапынан брокерлер мен биржаға қатысты ықтимал әсер мен қысым жойылады. Сонымен қатар заңдағы өзгеріс жаңа биржа тауарын жеткізушілер мен сатып алушыларды, соның ішінде шетелдік сатып алушыларды ынталандыра түспек. Және отандық биржа саудасы көлемінің 5,6 трлн теңгеге дейін артатыны күтілуде. Одан бөлек, табиғи бағаны белгілеуге және биржалық келісімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.