Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев "Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2%" ("World’s Top 2% Scientists") рейтингіне енді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Elsevier ғылыми баспасының соңғы мәліметтеріне сәйкес, әлемнің ең үздік ғалымдарын Стэнфорд университетінің сарапшылары құрастырған. Рейтинг негізіне бүкіл библиометриялық мәліметтері: ғалымдардың мансабындағы барлық және кейінгі жылдағы дәйексөздері алынады.
Сәрсенбек Монтаев кейінгі жылдары БҚАТУ-да жұмыс істеп жатыр, қазір университеттің Индустриалды-технологиялық институтын басқарады. Құрылыс материалдарын өндіруде жаңа технологияларды әзірлеуші, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырағының құрылымдық-механикалық қасиеттерін жақсарту жөніндегі жобаның басшысы.
Профессор "Болашақ" бағдарламасы аясында Жапонияда "Нанотехнология" мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен.