Фото: ашық дереккөз
Қазақстанның мәдениеті тағы бір биік белесті бағындырды. Опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияда өткен XI халықаралық Concorso Lirico Internazionale di Portofino (CLIP) 2025 вокалдық байқауында абсолютті жеңімпаз атанды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Әйгерім бірінші орынды ғана емес, сондай-ақ:
-
«Көрермен көзайымы»,
-
«Үздік әйел дауысы»,
-
атақты музыка сыншысы Карло Майердың арнайы жүлдесін иеленді.
Бұл – Орталық Азия тарихында алғаш рет аталмыш байқауда мұндай ауқымды жеңіске жеткен өнерпаз. Қазылар алқасының төрағасы Доминик Мейердің айтуынша, «Әйгерім сайыс басталғалы барлық қазылар рейтингінде үздік болды. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі және көрерменнің де таңдауының әділ болғанын айғақтайды».
Финалға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық өтінім ішінен бар болғаны 10 вокалист өткен. Олар Портофино қаласының орталық алаңында, Teatro Carlo Felice оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
«Үздік әйел дауысы» жүлдесін Әйгерімге Чилидегі Ибаньес-Аткинсон қоры табыстады. Бұл – әлем бойынша жас дарынды вокалистерді қолдайтын халықаралық ұйым. Айта кетейік, Әйгерім – Оңтүстік Америка құрлығында қолдау тапқан тұңғыш еуропалық емес әнші.
Сарапшылар бұл жеңісті қазақстандық вокал мектебінің халықаралық деңгейде мойындалуы деп бағалап отыр. Әйгерімге шет елдерде шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірнеше кәсіби ұсыныстар жасалған.
Еске салайық, CLIP – Вена операсы, Ла Скала, Метрополитен сынды әлемдік театрлардың жетекшілері қатысатын әлемдегі ең беделді вокалдық байқаулардың бірі.
