06 мау, 2023 сағат 15:34

"Бәрі аман-есен оралды" - министр Қырымға кеткен оқушылар жайлы

Фото: Пресс-центр МДЦ "Артек"

Енді қазақстандық оқушыларды шетелге жіберу үшін Оқу-ағарту министрлігі мен білім басқармасының тиісті рұқсаты қажет болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

Үкімет кулуарында журналистер министрден Қырымдағы "Артек" лагеріне кеткен оқушылар туралы сұрады.

"Балалардың бәрі аман-есен оралды, әке-шешесінің қасында. Бұл жерде бір нәрсені дұрыстап түсінуіміз керек. Бұл - ата-аналардың еркімен жасалған дүние. Біз енді әрі қарай бұған жол бермеу үшін білім басқармасының бұйрығынсыз және министрлікке қарасты балалар құқығын қорғау комитетінің рұқсатынсыз балаларды шетелге жібермеу мәселесін қолға алып жатырмыз", - деді Бейсембаев.

Министр оқушыларды Қырымға әкеткен мұғалімге қатысты тиісті шара қолданылғанын атап өтті.

Бұған дейін "Россотрудничество" өкілдігі бағдарламасы бойынша қазақстандық оқушылар Қырымдағы "Артек" лагеріне кеткені хабарланған болатын. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар білім беру ұйымымен байланыспай, балаларын өз бетінше жібергенін растады.