04 там, 2020 сағат 19:43

Қазақстандық бес ғалым COVID-19-ға қарсы жасаған вакцинаны өздеріне сынап көрді

Қазақстандық бес ғалым COVID-19-ға қарсы жасаған вакцинаны өздеріне сынап көрді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының хабарлауынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабына сәйкес, 2020 жылдың 13 тамызында макак-резустан антидененің кемінде 7 log болуы тиіс соңғы титрін анықтау жоспарланып отыр. Бұл жоғары иммуногендік көрсеткіш саналады. 

«2020 жылдың 26 шілдесінде вакцинаның 5 әзірлеушісі тірі вируспен жұмыс істеу барысында қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін ерікті түрде вакцинаны өздеріне сынады. Бірнеше тәулік өткеннен кейін олардың өздерін сезінуі жақсы, дене қызуы мен аллергиясы жоқ. Клиникаға дейінгі сынақ 2020 жылдың 20 тамызында аяқталып, нәтижесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі», - деп хабарлайды институттан. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен рұқсат алынғаннан кейін 2020 жылдың 20 қыркүйегінде Алматы қаласындағы клиниканың базасында COVID-19-ға антиденесі жоқ 44 еріктіге клиникалық сынақ (І фаза) басталуы тиіс. 

COVID-19-ға қарсы QazCovid-in вакцинасын институттың бас директоры К.Закарья және ғылыми қызметкерлер: Л.Құтымбетов, Б.Хайруллин, М.Орынбаев, Қ.Сұлтанқұлов, Е.Әбдірайымов, С.Нұрабаев өздеріне сынаған.