Қазақстан альпинистері Тянь-Шань тауында жоғалған әріптестерін іздеуге аттанбақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, бүгін сағат 13-20-да Алматы облысындағы Қарқара базалық лагеріне біліктілігі жоғары 3 қазақстандық альпинистен тұратын топ жеткен. Альпинистерді Қырғыз Республикасына жеткізу үшін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Қазавиақұтқару мекемесінің МИ-171 тікұшағы дайын тұр.
«Қазақстандық альпинистердің құтқару операциясы ауа райы жақсарғаннан кейін басталады. Қазіргі уақытта Тянь-шань тауының төменгі баурайында жаңбыр жауып, биік беткейлерінде қар түсіп жатыр. Сонымен қатар бірлескен іздеу жұмыстарын жүргізу үшін қырғыз альпинистер тобы да дайын», - деп атап өтеді комитеттен.
Бұған дейін, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қырғызстан тауларында қиын жағдайға тап болған Қазақстан альпинистері туралы айтқан болатын.