Сарапшылардың болжамы бойынша болашақта 239 жаңа мамандық пайда болады, 129-ы жойылып, 95-і қатты өзгерістерге ұшырайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Электрондық еңбек биржасының порталында экономиканың негізгі 9 саласы бойынша Қазақстандағы жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы жарияланды . Атласты құрастырған сарапшылардың болжамы бойынша болашақта 239 жаңа мамандық пайда болады, 129-ы жойылып, 95-і қатты өзгерістерге ұшырайды. Атласта жаңа, өзгеретін және жойылып бара жатқан кәсіптер анықталған, сонымен қатар еңбек нарығын сыни түрде өзгертетін негізгі технологиялық трендтердің талданған», делінген хабарламада.
Атластың негізгі бөлігін әзірлеу форсайт-сессиялар шеңберінде 9 негізгі сала бойынша өтті: мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, тау-кен металлургия кешені және құрылыс. Салалық министрліктердің қатысуымен салалық қауымдастықтардан 2 мыңнан астам сарапшы тартылды.
3 қарашада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бейінді министрліктер өкілдерінің қатысуымен Атлас нәтижелері қаралып, қабылданды, олар қазіргі уақытта ЭЕБ-да әрбір қызығушылық танытқан азаматқа қолжетімді.
Бүгінгі таңда IOS және Android платформаларына арналған мобильді қосымша әзірленіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы» ұлттық жобасы ҚР Президентінің «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасы және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысындағы ұсыныстар бойынша әзірленген. Атлас жұмыспен қамту және еңбек дағдылары саласындағы нәтижелерді жақсартуға, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарында даярлау, оқыту бағдарламаларының өзектілігін арттыруға бағытталған. Атлас нәтижелері жаңа білім беру пәндерін енгізу кезінде оқу орындары үшін негізгі бағдарға айналады.