17 ақп, 2020 сағат 14:36

Қазақстандағы митингі мен жиылыстарға берілген өтініш бір тізілімде тіркелуі керек – қоғам белсендісі

Қоғам белсендісі Болат Жұматаев митингі мен жиылыстарға арналған барлық өтінішті бір тізілімге тіркеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «ҚР бейбіт кездесулерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын талқылады.

Талқылау барысында сөз алған қоғамдық белсенді Болат Жұматаев жаңа заң жобасында министрлік тарапынан ешқандай кері байланыс жоқ екенін атап өтті.

«Біз митинг өткізгіміз келеді, өтініш бердік. Оны жалпы тізілімде көрсету керек. Мен белгілі бір іс-шараларды өткізуге арналған жалпы өтініштерді кез-келген қазақстандық көре алса деймін. Оның қолжетімді болғанын қалаймын», - деді заң жобасының тұжырымдамасын талқылау барысында «Халқы адал қызмет» қоғамдық қорының өкілі.

Оның пікірінше, барлық өтініштер тізілімде тіркелуі керек, сондай-ақ барлық тыйым салыған шараны адамдар көруі қажет.

Сонымен қатар, ол «Хабар», «Qazaqstan» және басқа да мемлекеттік БАҚ-да міндетті түрде көрсетуін ұсынды.

«Олар бюджеттен ақша алады, сондықтан елде болып жатқан қоғамдық белсенділікті көрсетуі керек. Заң жобасында мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының жоғарыда аталған оқиғаларды көрсетуге берілген уақыттын да белгілеу қажет», - дейді Болат Жұматаев.

Сондай– ақ, ол митингілердегі құқық қорғау органдары мен ұйымдастырушылардың жұмысына да тоқталды.

«Ішкі істер министрлігінің жұмысына тоқталғым келеді. Өздеріңіз білесіздер, мұндай шараларға әртүрлі адамдар жиналады. Сондықтан шараны ұйымдастырушылар мен ішкі істер министрлігі арасында тікелей байланыс болуы керек. Сонда полиция ұйымдастырушылардың өтініші бойынша және көрсеткен адамдарды алып кетеді, осылайша түрлі арандатушылықтардың алдын алуға болады», - дейді қоғамдық белсенді.

Бұған дейін, белсенді Қазақстанда онлайн митингі өткізуді ұсынған болатын.