15 мау, 2021 сағат 15:23

Қазақстандағы интернет-алаяқтық: қаржы реттеушісі қандай шаралар қабылдады?


ҚР ІІМ криминалдық полициясының деректері бойынша, биыл интернет-алаяқтықтың тіркелген оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 3392-ден 8464-ке дейін өсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алаяқтардың кең таралған құралдарының бірі азаматтарға олардың қатысуынсыз онлайн-кредиттерді ресімдеу. 

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік желілерден құжаттарының жоғалғаны туралы хабарландыруды тауып, сол азаматтардың құжатының көшірмелерін пайдаланып 50 ұрлық жасаған алаяқ ұсталды. Қостаналық әйел жеке куәліктердің фотосуреттерін пайдалана отырып, жергілікті тұрғындардың атына олардың қатысуынсыз тауарлық онлайн-кредиттер ресімдеген. 

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әдіснама және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, агенттік 2020-2021 жылдары микроқаржы ұйымдары берген жалған кредиттерге мониторинг жүргізді. 2021 жылдың басынан бастап микрокредиттермен алаяқтық операцияларды болдырмау мақсатында қадағалау шаралары қабылданды. 

«Біріншіден, 2021 жылғы ақпанда Агенттік микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) қатысты микрокредитті биометриялық сәйкестендірусіз немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы сәйкестендірусіз электрондық тәсілмен беруді тоқтатуға нұсқама берді. Қосымша зардап шеккен азаматтарды қорғау үшін МҚҰ алаяқтық тәсілмен алынған микрокредиттер бойынша сыйақы мен айыпақы есептеуді тоқтатты. Бұл оқиғалар туралы ақпарат зардап шеккен қазақстандықтардың кредиттік тарихын түзету үшін кредиттік бюроға жіберілді», - деді Дәурен Сәлімбаев. 

Оның айтуынша, 2021 жылғы наурызда Агенттік онлайн-қарыз беретін барлық МҚҰ-ларды клиенттің өзі екендігін нақты тексеруді және растауды, оның деректерін өтінімде көрсетілген деректермен салыстыруды, клиенттің нақты биометриялық деректерінің жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкестігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ клиенттің микрокредит алуға ерік білдіруін тіркеуді міндеттеді. 

Қабылданған шаралар 2021 жылғы 4 айда өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жалған микрокредиттер беру жағдайлары 3,6 есеге төмендегенін көрсетті. 

«Жүйелі негізде микрокредиттермен алаяқтыққа жол бермеу үшін Агенттік ағымдағы жылғы 30 сәуірде онлайн-микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды идентификаттаудың жаңа тәртібін енгізді. Енді қарыздарды алу үшін азаматты идентификаттау тек электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ҚР Ұлттық банкінің сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының сервисін пайдалана отырып, биометриялық өлшемдерге сәйкес келу немесе дербес деректерді және қарыз алушының бейнесін шынайы уақыт режимінде екі факторлы тексеру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізу анықталған жағдайда, МҚҰ екі жұмыс күні ішінде себептері мен салдарын жою үшін шаралар қабылдауға міндетті екенін атап өту маңызды», - деп қорытындылады департамент директоры.