Фото: sakura-nursultan.e-orda.kz
Үстіне футбол қақпасы құлап қайтыс болған баланың өліміне кінәлілерді тергеу анықтайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Үкімет кулуарында журналистер Оқу-ағарту министрлігі басшысынан бала өлімі үшін жауапкершілікті кім алатынын сұрады: мектеп әкімшілігі ме, баланың ата-анасы ма әлде футбол алаңының иесі ме?
"Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, аяқталғаннан кейін белгілі болады", - деді Бейсембаев.
Сондай-ақ ол барлық мектептің спорт алаңқайы тексерілетінін атап өтті.
"Білім басқармалары кешеден бері менің тапсырмам бойынша барлық мектептің спорт алаңын тексеріп жатыр. Тек Астананың ғана емес, еліміз бойынша барлық мектептің спорт алаңы мен құрал-жабдықтары тексеріледі", - деп түсіндірді ол.
Еске сала кетейік, 7 тамызда Астана қаласындағы №10 мектептің аумағында 10 жастағы баланың үстіне футбол қақпасы құлап, оқушы оқиға орнында қайтыс болды.