04 қаз, 2022 сағат 12:57

Қазақстанда жыл сайын жол апатынан 2 мыңға жуық адам қаза болады

elements.envato.com

Қазақстанда жыл сайын жол апатынан 2 мыңнан аса адам қаза болады. Бұл туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Жыл сайын 13 мыңнан аса жол апаты болып, 2 мыңнан аса адам қаза тауып, 18 мыңнан астамы жарақат алады", - деді Ахметжанов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, соңғы төрт жылда жазатайым оқиғалар азайған.

"Жол апаты пандемия кезінде айтарлықтай төмендеді. Бірақ әлі күнге дейін Алматы, Алматы облысы, Жамбыл және Түркістан облыстарында апаттардың жоғары деңгейі сақталып тұр", - деп қосты министр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері (8 ай ішінде) барлық ЖКО көрсеткіштері өскен:

жол-көлік оқиғалары - 14 пайызға;

қаза болғандар - 18 пайызға;

жараланғандар - 13 пайызға.

Жыл басынан бері полиция 4,5 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзған деректі анықтаған. 17,5 мыңнан аса мас жүргізуші ұсталған.