03 қаз, 2023 сағат 12:46

Қазақстанда жыл басынан бері 6,8 миллион әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді

Фото: belinfund.by

Жыл басынан бері Қазақстанда 6,8 миллион әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің орталықтандырылған деректер банкі мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылдың 8 айында шамамен 6,8 млн әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

"5,5 млн құқық бұзушыға 128,2 млрд теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 88,3 млрд теңгесі өндірілді.

Өз кезегінде, айыппұлдардың басым бөлігі немесе 4 млн айыппұл алғашқы 7 тәулік ішінде 44,1 млрд теңге сомасына 50% жеңілдікпен төленді.

Осы жылдың өткен кезеңінде әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу көрсеткіші 68,8%-ды құрады" - делінген хабарламада.

Ең көп айыппұл салынған өңірлер:

Алматыда – 16,8 млрд теңге сомасына 1 млн құқық бұзушылық, 12,7 млрд теңге төленді.

Астанада – 12,7 млрд теңге сомасына 800 мың құқық бұзушылық, 8,6 млрд теңге төленді.

Ең азы Павлодар облысында - 11,8 млрд теңге сомасына 92 мың айыппұл салынған, оның 11,3 млрд теңгесі төленген.

Барлық әкімшілік құқық бұзушылықтың 95%-ын ішкі істер органдары анықтаған.

Ішкі істер органдары 5,3 млн құқық бұзушыға шамамен 68,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салған, оның ішінде мемлекет бюджетіне 51,7 млрд теңге түскен.

"Айыппұлдардың негізгі бөлігін фото-бейнетіркеу камераларымен тіркелген құқық бұзушылықтар құрады, олар бойынша 38,1 млрд теңге сомасына 3,4 млн астам ұйғарым шығарылды" - делінген хабарламада.