24 шіл, 2021 сағат 01:51

Қазақстанда жыл басынан бері 116 лауазымды тұлға пара алғаны үшін сотталған


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биылғы жарты жылдағы жұмысын қорытындылады. Биыл ведомство 874 тергеу жүргізіп, оның ішінде 694 іс сотқа жеткен. 101 лауазымды тұлға ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Антикордың Telegram парақшасындағы мәліметке сенсек, жыл басынан бері 486 тұлға сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылған. 

Оның ішінде 116 адам - пара алғаны үшін, 211 - пара бергені үшін, 12 - делдал болса, тағы 67 адам - алаяқтық, 33 адам - бюджет қаржысын жымқыру, 32 - қызметін асыра пайдаланғаны үшін сотталған. 

Жемқорлық жасап, істі болған 114 қызметкер бас бостандығынан айырылды, 47 тұлғаның бас бостандығы шектелді. 

288 лауазымды тұлғаға аса ірі көлемде айыппұл салынды, олар мемлекетке 1,5 млрд теңгеден астам айыппұл төлейді. 

464 адам белгілі бір қызметті атқару құқығынан айырылса, сот 94 адамның арнайы әскери немесе құрметті атағын және мемлекеттік наградасын алып қойды. 

Бесеуінің мүлкі тәркіленді.